Елорданың Қабанбай батыр көшесі 8 жолақты болуы керек – сәулетші
«2019 жылдан бері астанадағы Қабанбай батыр көшесін күрделі жөндеудің ауқымды жобасы жоспарланып жатқаны белгілі. Сызбадан жоба құны 92 млрд теңге болатыны анықталған. Бірақ 2022 жыл болсада, жоба әлі қолға алынбай жатыр. Бұл аралықта құны қымбаттап та үлгерді. Жобаның тағдыры не болады? Неге іске аспай жатыр», - деп сұрады БАҚ өкілі дөңгелек үстел отырысына қатысушы сәулетшілерден.
«Иә, Қабанбай батыр көшесін кеңейту жобасы болған. Оның ішінде көшені Есіл өзенінен бастап әуежайға дейін кеңейтіп шығу жоспарланған. Ол жобаның ішіне цирктің маңынан, Қорғалжың көшесінің тұсынан, Тұран көшесі жағында айырықтар салу шаралары да енгізілген. Жалпы алғанда, көшенің бойына бірнеше айырық салыну керек еді. Ақпарат таратуда қателік кетті де, жобаның құны жарияланған кезде өзім де шошып қалдым. Бірақ ол жобаның ішіне үңіліп есептесең, тиын болып қалады. Қазір қарсылықтан жасқанып, тоқтатып қойған сияқты. Анығын білмеймін. Бірақ Қабанбай батыр көшесін кеңейтіп салып шығу керек», - деді сәулетші ғалым.
Оның айтуынша, Ботаникалық бақтың кесірінен Қабанбай батыр көшесіне параллель орналасқан екі көшенің негізгі функциясына нұқсан келіп отыр.
«Ботаникалық бақ түскеннің кесірінен екі көшені жоғалтып алдық, Сауран мен Ақмешіт көшелері көлік жүктемесін азайтуға толық қатыспай қалды. Екі көшені жоғалтқандықтан, көрші көшелерді күшейту керек. Ал сыннан қорқып, осы күйінде қалдыруға болмайды. Қабанбай батыр көшесін 8 жолақты етіп салу керек. Бас жоспардың талабы сондай», - деді Сәрсенбек Жүнісов.
Аталған шарада Сәулетшілер одағының басшысы Шымкентте ипподром орнына үйдің салынуын сынаған еді. Сондай-ақ ол астанадағы LRT құрылысының 1-кезеңін аяқтап, жобаны 5-інші кезеңге дейін жалғастыруды ұсынды.