Елорданың қарттар үйінде «Ардагерлерді ардақтайық» республикалық акциясы өтті

«Біздің мекеме қазіргі таңда соғыс ардагерлері тұратын еліміздегі жалғыз орын. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне теңестірілген тыл еңбеккерлері, бұрынғы Ақмола облысының алғашқы тың игерушілері тұрады. Соғыс барысындағы әскери іс-қимылдар жайында және соғыстан кейінгі қираған кәсіпорындарды қалпына келтіру барысында тер төккен азаматтардың жастар үшін айтары мол», деді өз сөзінде мекеменің директоры Кенжеболат Бапишев.
«Біздің жастарға айтарымыз әлі де бар. Бүгінгі іс-шара жастар мен қарттардың кездесуіне арналып отыр. Өз уақытында біздер де ардагерлермен кездесу өткізген едік, олардың арасында Азамат соғысында Чапаевтың қоластында шайқасқандар да болды. Жалпы мұндай іс-шаралар өз мемлекеттері оларды ұмыт қалдырмағандығын сезінуі үшін жасалады», дейді Қарттар үйі ардагерлер кеңесінің төрағасы Олег Линник.
Республикалық акция аясында өткен кездесу барысында қарттар жастар дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Соғыс және тыл ардагерлері сұрапыл соғыс жылдарында бастан кешкен оқиғаларын шараға қатысушыларға айтып берді. Іс-шараға «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, «Жас ұлан» республикалық мектебінің оқушылары қатысты.
Бүгін басталған республикалық акция мамырдың 9-ына дейін жалғасады.