Елорданың Көктал-1 ықшамауданында кісі өлтірген күдікті қолға түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кеше кешкі 21.00 шамасында «102» арнасына Көктал-1 ықшамауданында автокөлік салонында ер адамның мәйіті анықталғаны туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаментінің баспасөз қыметіне сілтеме жасап.

Көп ұзамай қаладағы полиция бөлімшелерінің бәріне қылмысқа күдікті адамның бейнесі мен суреті жіберілді. Елордада «Ұстау» жоспары жарияланды.

Қарағанды тасжолында жедел топ пен патрульдік полиция қызметкерлері күдіктіні ізін суытпай қолға түсірді. Такси салонында отырған күдіктіні көліктер өтіп жатқан жол ортасында ұстаған. Қылмыскерді қолға түсіру үшін полицейлер жол жүріп бара жатқан көліктердің барлығын тоқтатып, әр көлікті жеке тексеруге мәжбүр болған.

Тексеру барысында одан бәкі табылды. Осы қарумен ол мерт болған адамды пышақтаған. Ер адамдар арасында жанжал болып, қолға түсірілген қылмыскер зардап шегушінің ішіне және жүрек тұсына бірнеше жерден пышақ сұққан.

Қолға түсірілген 29 жастағы Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны қылмысын толық мойындады. Осы факт бойынша ҚР ҚК 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша қамау изоляторында жатыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram