Елорданың «көлеңкелі» экономика үлесі жоғары сауда үйлері мен базарлар тексеріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «көлеңкелі» экономика үлесі жоғары сауда үйлері мен базарлар тексеріледі. Бұл туралы бүгін Астана әкімі Ә.Жақсыбековтің төрағалығымен өткен елорда экономикасын жақсарту мәселелеріне арналған жиында қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов мәлім етті.
«Астана - шағын және орта бизнес қаласы. Бұл санат саны жыл сайын 20 пайызға өсуде әрі ол негізінен экономиканың шынайы локомотиві саналады. Дегенмен, көлеңкелі экономика үлесі шағын бизнес ортасында да жоғары болып тұр», - деді ол.
Мәселен, оның атап өтуінше, департамент не бәрі 1 айдың ішінде тәуекелі жоғары санатқа жатқызылған 44 мейрамхананы тексерген. Нәтижесінде 382 млн. теңге қосымша табыс анықталып, 270 жалдамалы жұмысшы декларацияланған, еңбекақы қоры 88,3 млн. теңгеге ұлғайып, қала бюджетіне 19,5 млн. теңге салық түскен.
«Дәл осындай жұмыстар көлеңкелі экономика үлесі жоғары болып отырған сауда үйлері мен базарлар бойынша да жүргізіледі», - деді Ә.Сқақов.