Елорданың құрылыс кәсіпорындары былтыр 1 млн. 292 мың шаршы метр тұрғын үй қорын пайдалануға берді

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қаласының құрылыс кәсіпорындары мен ұйымдары 2012 жылы 1 млн. 292 мың шаршы метр тұрғын үй қорын пайдалануға берді.

Елорданың құрылыс кәсіпорындары былтыр 1 млн. 292 мың шаршы метр тұрғын үй қорын пайдалануға берді

Оның ішінде Алматы ауданында 607 мың 119 шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл елордада пайдалануға берілген тұрғын үйлер санының 47 пайызы, деп хабарланды Астана әкімдігінің сайтынан.

Астана қаласы Алматы ауданы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы жалпы 9 көп пәтерлі тұрғын үй кешені іске қосылып, 28 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Сонымен қатар «Мыңжылдық аллеясы» аумағында әкімшілік, тұрғын үй және қонақ үй кешендерін жобалау мен салу үшін 41 жер учаскесі бөлінді. Жобада 3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Аталған үйлер ұлттық, азиялық және еуразиялық стильде салынады. Алматы ауданында 2002-2012 жыл аралығында пайдалануға берілген жалпы тұрғын үй қорының көлемі 6 млн. шаршы метрден астам. «2012 жылы Б. Момышұлы даңғылы мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында 1200 орындық №70 орта мектеп, Күйгенжар тұрғын үй алабында 400 орындық мектеп, күніне 250 адам қабылдайтын емхана мен 350 төсектік көпсалалы №1 қалалық аурухана, №2 қалалық балалар ауруханасы, №6 амбулаториялық-емхана кешені, «Ақбота» сауда үйі және «Аружан» сауда орталығы пайдалануға берілді», - делінген хабарламада.