Елорданың құрылыс нысандарында жазатайым оқиғалар азайды

АСТАНА. 26 ақпан. ҚазАқпарат - 2013 жылдың басынан Астананың құрылыс нысандарында өлім-жітім оқиғалары тіркелген жоқ, жарақаттар алғандар саны - 5 адам.

Елорданың құрылыс нысандарында жазатайым оқиғалар азайды

Өткен жылдың осы кезеңінде 63 адам жарақаттанып, оның ішінде 13-і көз жұмды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Астана қаласы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінен хабарлады.

«Жалпы, соңғы жылдары Астанада құрылыс орындарында жазатайым оқиғалар азайып келеді. Департамент мамандарының айтуынша, келеңсіздіктер көп жағдайда жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан, жұмысшылардың жеке қорғаныс құралдарын қолданбауынан және еңбек қорғанысы ережелерін білмеуінен туындайды. Осындай оқиғалардың негізінде, 2012 жылы Еңбек инспекциясы бірнеше рет ірі құрылыс нысандарында тексеру жұмыстарын жүргізді. Қатаң бұзушылықтар анықталған жағдайда шарттар толық орындалғанға дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылды», - делінген баспасөз айғағында.

Бұған қоса, «Әбу Даби Плаза», «Қазақстанның тарих мұражайы», «Классикалық опера және балет театры», «Назарбаев Зияткерлік мектебі» сынды басқа да 32 нысанда жұмысшылармен кездесулер өткізіліп, департамент әзірлеген «Еңбек қорғанысы жөніндегі негізгі ережелер» және «Еңбек заңнамасын сақтау бойынша жұмыс берушілерге әдістемелік ұсыныстар» таратылды.