Елорданың «Қызылжар» бекетінде өзбекстандық 72 жолаушысы бар автобус ұсталды
Бұл туралы Астана қалалық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінен хабарлады.
Жүргізуші көліктің техникалық сипаттамасында 49 орынға шақталғаны көрсетілгеніне қарамастан, 25 адамды артық тасымалдап келе жатқан.
«Жолаушылардың айтуынша, барлық 72 адам Сарыағаш қаласынан шығып, Петропавл қаласы арқылы Ресейге өтпек болған. Алайда автобус жүргізушісі, қазақстандық азамат 20 адамның Осакаровка елді мекені аумағында автобустары бұзылғандықтан көлігіне отырғызуға тура келгендігін алға тартады», делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен қатар автобустағы 45 жолаушының Қазақстан Республикасына шетелдік азаматтардың келу ережесін бұзғандығы да анықталып отыр.
Жүргізушіге қатысты тасымалдау ережесін бұзғаны үшін Әкімшілік кодекстің 463 бабы бойынша хаттама толтырылған. Жүргізуші мен оның жолаушылары Астана қалалық көші-қон полициясына жеткізілген. Тергеу амалдары жүргізілуде.