Елорданың мемлекеттік қызметкерлері жүрек-қан тамырлары мен қант диабеті бойынша скринингті зерттеулерден өтуде

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат /Кенжекей Тоқтамұрат/ - Астананың мемлекеттік қызметкерлері жүрек-қан тамырлары мен қант диабеті бойынша скринингті зерттеулерден өтіп жатыр.

Елорданың мемлекеттік қызметкерлері жүрек-қан тамырлары мен қант диабеті бойынша скринингті зерттеулерден өтуде

Бүгін Алматы аудандық әкімдігінде мемлекеттік қызметкерлерді скринингті зерттеуден өткізу бойынша өтіп жатқан «Ашық есік күні» барысында Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім бастығы Жанат Сәрсенбаев Астанада жұмысшылардың негізгі бөлігін мемлекеттік қызметкерлер құрайтындықтан, олардың денсаулығын сақтау, медициналық алдын ала қаралудан өткізу негізгі міндет екендігін айтты.

«Денсаулық сақтау басқармасы және Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйытқы болуымен Астана қаласының мемлекеттік қызметкерлері арасында жүрек-қан тамырлары мен қант диабетінің алдын алу үшін скринингті зерттеулер өткізілу ұйғарылып отыр. Екі күнге созылатын шара аясында тексерулер елордадағы 8 мекемеде, атап айтсақ, 3 аудандық әкімдікте, қалалық прокуратура, кеден бақылау қызметі, қалалық сот, әділет департаментінде, жол полиция басқармасы мен қалалық салық департаментінде өтіп жатыр», - деді Ж.Сәрсенбаев.

Ж.Сәрсенбаев атап көрсеткендей, жүрек-қан тамырлары ауруының негізгі себебі адамның аз қозғалуы, дұрыс тамақтанбауы мен күйгелектіктен болады. Астана қаласы тұрғындарының арасында бұрынғыдай, экономикаға айтарлықтай нұқсан келтіретін және өмір ұзақтығын қысқартатын әлеуметтік негіздегі аурулар көп кездеседі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, скринингті зерттеулер Астана қаласының емханаларында, перзентханалар мен онкологиялық орталықтарда жиі өткізіліп тұрады.

Акцияның мақсаты Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы мен Қазақстан Рспубликасының 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ халықты алдын ала медициналық қаралудан өту қажеттілігі туралы, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті ауруларын алдын алу әдістері туралы ақпараттандыру болып табылады.

Акция жоғарыда аталып өткен мемекелерде 15 сәуірге дейін жалғасады.