Елорданың «Нұрбесік» көпфункциялы тұрғын үй кешенінде Астана күні атап өтілді
Шара елордадағы Көктал кентінде бой көтеріп келе жатқан Нұрбесік тұрғын үй кешені аумағында өткізілді.
Алдымен тұрғындар 30 гектар аумақты қамтитын тұрғын үй кешенінде салынатын мешіттің аумағына қазық қағып, ақсарбас шалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Алтынбек Ұтысқан құран бағыштап, дұға-тілектер айтылды. Жиында оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан мен Көктал тұрғын аумағының бас инспекторы Әділхан Жолдасбаев жиылғандарды мерейлі мерекемен құттықтады.
Іс-шараға арнайы шақыртылған Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Қасымхан Бұғыбай, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Гауһар Жүсіпова, «Nomad» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, сондай-ақ аталмыш кешен тұрғындары өнер көрсетті.