Елорданың орталық алаңында мектеп жәрмеңкесі өтуде
АСТАНА. 30 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада қалалық алаңда «Мектепке жол» акциясы аясында 40 кәсіпкердің қатысуымен мектеп жәрмеңкесі өтеді. Онда мектеп формасы, аяқ киімдер, кеңсе заттары, рюкзактар, оқулықтар мен басқа да мектеп жабдықтары төмендетілген бағамен сатылады.
«Бүгін Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларының кәсіпкерлерінің қатысуымен мектеп жәрмеңкесі өткізіліп жатыр. Ол Конституция күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Күннің суығына қарамастан бәрі де белсенді қатысуда. Сонымен қатар, халыққа заң консультацияларын беретін қоғамдық қабылдаулар жұмыс істейді. Ата-аналар мен жәрмеңкеге қатысушылар онда өздерін мазалайтын сұрақтарын қоя алады. Жәрмеңке кезінде 5 қоғамдық тамақтану орны ұйымдастырылды», - деді astana.kz сайтына Балалар құқығын қорғау басқармасының бас маманы Лариса Темірлина.
Оның айтуынша, жәрмеңкеде мектеп жабдықтары 10%-25%, балалар киімі 10%-50% жеңілдікпен сатылады.
«Күннің суығына қарамастан жәрмеңкеге келдім. Жап-жақсы өтіп жатыр. Мұнда мектепке керектің бәрін жеңілдіктермен алуға болады. Бұл баланы мектепке жинаудың керемет мүмкіндігі. Концерт те жақсы ұйымдастырылған. Бүгін күн суық болғанымен адамдардың көңіл күйі жақсы, іс-шараға қуана қатысып жүр», - деді astana.kz сайтына жәрмеңкеге келуші Әйгерім Нығметова.
Мектеп жәрмеңкесі жыл сайын оқу жылының қарсаңында өткізіледі. Биыл ол 24 және 30 тамызда ұйымдастырылды.