Елорданың орталық көшелерінде жол қозғалысын ұйымдастыру өзгерді
АСТАНА. 4 тамыз. ҚазАқпарат - Елордада Кенесары даңғылы мен Сарыарқа көшелерінің қиылысында жол қозғалысын ұйымдастыру өзгерді,
деп хабарлады қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен.
«Қаланың көше жолдары желісін қайта жөндеу кезеңінде көлік өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында Сарыарқа даңғылы мен Кенесары көшелерінің қиылысында жол қозғалысын ұйымдастыру өзгерді», - делінген баспасөз хабарламасында.
Атап айтқанда, Жеңіс даңғылы жақтан Кенесары көшесімен қозғалып келе жатқанда Сарыарқа даңғылында солға бұрылуға болмайды. Сол жағалау бағытында Сарыарқа көшесімен шығу № 103 көше арқылы жүзеге асырылады.
Сарыарқа көшесімен сол жағалаудан келе жатқан кезде Кенесары көшесіне солға қарай бұрылуға шектеу қойылды.
«Жол қозғалысын ұйымдастырудағы бұл өзгерістер көлік кептелісін айтарлықтай төмендетеді», - деп санайды полиция қызметкерлері.
Астана қалалық ІІД Жол полициясы басқармасы көлік жүргізушілеріне жол белгілері талаптарын қатаң орындауға кеңес береді.