Елорданың салық органдары қызметкерлеріне қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды

None
None
АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Елорданың салық органдары қызметкерлеріне қатысты 3 қылмыстық іс қозғалды. Бұл ақпаратты Астана қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі таратып отыр.  

Ағымдағы жылдың 14 мамырында Астана қаласы бойынша қаржы полициясы Департаментінің қызметкерлерімен әкімшілік жауапқа тартпау үшін 40 мың теңге сомасында пара алған деген күдікпен Астана қаласы Сарыарқа аудандық салық департаменті салықты мәжбүрлеп алу бөлімінің бас маманы Ибрагимов ұсталды.

14 маусымда пара алу фактісі бойынша Ибрагимовке қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ Астана қалалық салық департаменті Сарыарқа аудандық салық басқармасының бас маманы Петрова қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол  2011 жылдың наурыз және сәуір айларында ұйғарым негізінде «Арал строй-70» ЖШС-іне жоспарланған тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында салықтық және бухгалтерлік есеп мәліметтерінде сәйкессіздіктер, яғни сатылған өнімдер, қызметтер және жұмыстардың өзіндік құны жоғарылатылғандығы анықталды.   Содан кейін Петрова «Арал Строй-70» ЖШС және «Темір Монтаж LTD» ЖШС араларында жалған келісімшарттарының жасалғандығын біле тұра, сомасы 66 млн. теңгені құрайтын корпоративтік табыс салығы және қосылған құн салығын «Арал Строй-70» ЖШС есебіне енгізген, салық тексерісі актісінде бюджетке төленуге тиіс салық сомасын көрсетпеген. Соның нәтижесінде, «Арал Строй-70» ЖШС 19,6 млн.теңге сомасында салық төлеуден жалтарған.

Заңсыз екінші рет СТН (салық төлеушінің тіркеу нөмірі) бергені үшін Астана қаласы Алматы аудандық салық департаментінің бас маманы Сейділдаева қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Петрова мен Сейділдаеваға қатысты қылмыстық істер  «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты амнистия туралы» Заңның 4 бабы негізінде қысқартылды.  

 

Соңғы жаңалықтар
telegram