Елорданың Сарыарқа ауданында қанша абонент газға қосылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық Сарыарқа ауданында «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын үй алаптарына және «Агроқалашық» алабының бір бөлігіне газ толығымен беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елорданы газдандыру аясында Сарыарқа ауданы бойынша 7 000-нан астам абонентті газға қосу жоспарлануда. Бүгінгі күні Сарыарқа ауданында 900-ге жуық үй газға қосылды, 2 151 үй техникалық келісімшартқа ие болды, 700 үйде монтаждау жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта газ толығымен «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын үй алаптарына және «Агроқалашық» тұрғын үй алабының бір бөлігіне түседі. Қараша айының соңына дейін «Агроқалашық» тұрғын алабында қалған 20 көше газбен қамтылады», - деп түсіндірді Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, биыл 4 қарашада «Көктал-1» тұрғындары газ берудегі іркілістерге шағымданған еді. Әкімдік газбен жабдықтау желілерінде болған аварияға байланысты газ беру тоқтатылғанын түсіндірді.
«Мамандар елордаға газ 1000 шақырымнан астам ауқымды құрылыс нәтижесінде жүргізілгенін, ал елордада газдандыру толығымен аяқталып, барлық үй газға қосылған кезде қысым тұрақтанатынын ескеріп, мұндай ақаулар қалыпты құбылыс екенін ескертеді. Газ қайтадан қосылған аумақтарда мұндай жағдайлар алғашқы 2-3 жылда болып тұрады. Сондай-ақ, мамандар тұрғындарға осы уақыт ішінде резервтік пештерді пайдалануға кеңес береді. Еске сала кетейік, Сарыарқа ауданының тұрғындары газды бір жыл бойы пайдаланып келеді», - деп түсіндірді аудан әкімдігі.