Елорданың Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарына қалалық бюджеттен неге аз қаржы бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорданың 4 ауданы арасында қалалық бюджет қаражаты тең бөлінбейді. Мұндай мәселені Астана қалалық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Зейнолла Шібкенов көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың Сарыарқа мен Байқоңыр аудандарына қалалық бюджеттен неге аз қаржы бөлінеді

«Төрт аудан бойынша ақша дұрыс бөлінбейтіндігі туралы мәселені бірнеше мәрте көтердік. Аудандар арасындағы сома айырмашылығын өздеріңіз де қараңыздар. Мәселен, Есіл ауданына 15 млрд теңге бөлінсе, Сарыарқа ауданына 9 млрд, Байқоңыр ауданына 8 млрд теңге қарастырылған. Мұны қалай түсіндіруге болады? Кейбір аумақ, айталық Байқоңыр өзге аудандарға қарағанда үлкен ғой. Адам саны бойынша барлық ауданды бірдей деуге болады», - деді ол қаланың 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасын қоғамдық талқылау барысында.

Дәл осы сауалға жауап берген әкімдік өкілі Есіл ауданын алдағы уақытта екіге бөлу жоспарына байланысты қаражаттың көбірек бөлінгендігін алға тартады. Егер Есіл екіге бөлінсе, онда аудандар арасындағы қаражатта теңдік орнайтын болады. Сонымен қатар Есіл ауданында қосымша қаражатты қажет етін Ботаникалық саябақ сынды нысандарда да орналасқан.

Айта кетейік, қаланың келесі жылға арналған бюджетінде Алматы ауданы аппаратына – 10 млрд 914,9 млн теңге, Байқоңыр ауданына - 8 млрд 288,5 млн теңге, Есіл ауданына – 15 млрд 272,1 млн теңге, Сарыарқа ауданына –9 млрд 887,1 млн теңге қарастырылған.