Елорданың Сәулет және Жер қатынастары басқармалары мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бұзуға жол берген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық прокуратура мен қалалық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, былтырғы жылы Сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Жер қатынастары басқармаларының мемлекеттік қызмет көрсетудегі заңдылығына талдау жасаған болатын. Талдаудың нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бұзуға жол берілгені анықталды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.
Атап айтқанда, прокуратураның хабарлауынша қос басқарма кәсіпкерлік субъектілерінен стандартта көзделмеген құжаттарды талап етіп, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін бұзып келген.
«Нақтылай айтқанда, Сәулет және қала құрылысы басқармасы «Аir Point Communication» ЖШС-не сыртқы жарнама нысанының қалыпты қызметін қамтасамыз ететін инженерлік рұқсаттың болмауына байланысты, сыртқы жарнама орнатуға рұқсат беруден бас тарқан. Алайда құжаттың бұл түрін талап ету мемлекеттік қызмет көрсету стандартында қарастырылмаған. Аталған басқармада 6 кәсіпкерлік субъектілеріне қызмет көрсету мерзімдері 5 және одан да көп күнге кешіктіріліп көрсетілді», - делінген баспасөз баянында.
Прокуратураның хабарлауынша, қызмет көрсету мерзімдері Жер қатынастары басқармасында да сақталмаған. Мәселен, егер мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 37 жұмыс күнінен аспауы тиіс болса, басқармада бұл мерзімдер 2 айдан асқан жағдайлар анықталған.
«Талдаудың нәтижесінде қалалық прокуратура жергілікті атқарушы орган басшыларына әсер ету актісін жолдады. Соның нәтижесінде 7 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы, жүргізілген талдау мұндай бұрмалаушылықтардың жүйелі түрде орын алатындығын көрсеткен. Мұның салдары бизнестің дамуына кері әсер етіп отыр», - делінген баспасөз баянында.
Айта кетерлігі, кәсіпкерлердің қызметіне мемлекеттік органдардың, соның ішінде құқық қорғау органдарының заңсыз араласуын болдырмау мақсатында, қалалық прокуратурада кәсіпкерлер құқығының бұзылу фактілеріне жедел әсер ететін 4 мобильді топ қызмет етеді.
Жыл басынан бері мобильді топтарға 48 хабар келіп түскен, оның 15 расталып, прокурорлық ден қою шаралары қабылданған. Нәтижесінде 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 4 құқықтық актінің күші жойылды.