Елорданың шет аймақтарын дамыту: кейінгі 4 жылда 237 көшеге асфальт төселді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Соңғы 4 жылда елорданың тұрғын алаптарында жүргізілген орташа жөндеу барысында 237 көшеге жалпы ұзындығы 80 шақырым болатын асфальт төселді. Бұл туралы бүгін бас шаһардың маслихатында баяндама жасаған Астана қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мерей Байырхан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елорданың шет аймақтарын дамыту: кейінгі 4 жылда 237 көшеге асфальт төселді

Оның айтуынша, Астана қаласының тұрғын алаптарын дамыту мақсатында 2010 жылы «Астана қаласының шет аумақтарын дамыту тұжырымдамасы» қабылданған. Оған сай, 2011-2022 жылдар аралығында 133 шақырым жол мен ұзындығы 371 шақырым инженерлік желілер салынды.

«Осы тұжырымдамаға сәйкес, 2019-2022 жылдары Көктал-2, Көктал-1, Комсомольский, Интернациональный, Достық, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында инженерлік желілер мен жолдар салынды. Осы жылдар ішінде 63,3 шақырым инженерлік желі, сондай-ақ 25,3 шақырым жол салынды. Сондай-ақ, соңғы 4 жылда қаланың тұрғын алаптарын орташа жөндеу аясында жалпы ұзындығы 80 шақырым болатын 237 көше асфальт төселіп, жөнделді», - деп тоқталды Мерей Байырхан елорда мәслихатының отырысында.