Елорданың шоу-бизнес жұлдыздары жастарды ҚР Президенті сайлауына қатысуға шақырады

АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат - Елордада еліміздің эстрада жұлдыздары мен белсенді жастардың қатысуымен «Қазақстан үшін дауыс бер» атты акция өтті.

Елорданың шоу-бизнес жұлдыздары жастарды ҚР Президенті сайлауына қатысуға шақырады

Іс-шара мақсаты - жастардың сайлауға барып, өз дауысын лайықты кандидатқа беруіне мұрындық болу.

«3 сәуірде біздің еліміздің одан әрі даму жолын айқындайтын маңызды оқиғалардың бірі кезектен тыс ҚР Президенттін сайлау өтеді. Сондықтан ешкімнің де тысқары қалмағаны, әрбір қазақстандықтың дауыс бергені маңызды», - дейді отандық шоу-бизнес жұлдыздары.

Акцияға әнші Еркін Мәулен, танымал радио және тележүргізуші Азамат пен Антон, «Астана кз» КТК командасы сынды танымал өнер адамдары қатысты. Кеш барысында түрлі конкурстар ұйымдастырылып, өнер жұлдыздары ән шашу жасады.

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, жұлдыздардың дәл осындай акциясы еліміздің барлық өңірлерінде 14-28 наурыз аралығында өтеді.

«Қазақстан үшін дауыс бер» акциясы танымал «Арнау» тобының әншілері Нұржан Керменбаев пен Салтанат Бақаеваның бейнеүндеуімен басталды. Онда әншілер алдағы сайлау тақырыбын қозғап, оған отандық шоу-бизнес жұлдыздары Медеу Арынбаев, Баян Есентаева, Аша Матай, Мұрат Қожалар белсенді қолдау білдірді.