Елорданың спорт ұйымдарының қызметкерлері Елбасы тестілерін тапсыруда
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының тестілерін тапсыру басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарысқа астаналық спортшылар, елорданың Дене шынықтыру және спорт басқармасының және қалалық спорт ұйымдарының қызметкерлері қатысуда,
Іс-шараның салтанатты ашылуына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов қатысты.

«Президенттік тестілер Қазақстанда ұзақ жылдар бойы өткізіліп келеді. Олардың басты мақсаты – ұлт денсаулығы. Бұл тестілерге жеті жасар баладан бастап, аға буынға дейінгі түрлі жастағы азаматтар қатыса алады. Бұл іс-шара көптеген қатысушылардың басын қосты. Әрі қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуде», — деді Ерлан Қожағапанов.
Президенттік тестке қатысушылардың арасында атақты спортшылар да бар. Олардың бірі – джиу-джитсудан Азияның екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионы және әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Галина Дуванова.

Президенттік сынаққа қатысушылар 7 жас санаты бойынша жарысты: 18-23 жас, 24-31 жас, 32-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас, 60-69 жас, 70 жас және одан жоғары.
Тест спорттың 7 түрінен өткізіледі: жүгіру, бір орыннан ұзындыққа секіру, белтемірге тартылу, кеудені жатып көтеру, граната лақтыру, шағын ұңғылық (пневматикалық) винтовкадан ату және 5 метрлік жүзу.
Президенттік және ұлттық деңгейде дене шынықтыру даярлығы нормативтерін орындаған қатысушылар төсбелгімен және арнайы үлгідегі куәліктермен марапатталады.
Жазғы спорт түрлері бойынша Президенттік сынақтарды тапсыру тамыз айында аяқталады.
Іс-шаралар санитарлық нормалар мен талаптарды сақтай отырып өткізіледі.
