Елорданың төрт тұрғыны кабель ұрлығы үстінде ұсталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада кабель ұрлығына қатысты жергілікті төрт тұрғын ұсталды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«21 желтоқсан күні қала көшелерін бірлесіп патрульдеу кезінде әскери полиция мен елордалық полиция қызметкерлері Тельман кентінің тұрғын алабы аумағында 4 адамды ұстады. Олар өздерінің әрекетімен полицейлердің күдігін тудырды, яғни түнгі уақытта тас қараңғыда «ГАЗель» көлігіне жүк тиеп жатқан. Анықталғандай, аталған төрт тұрғын қаланың коммуналдық меншігіндегі кабельді ұрлаған», - деліпген хабарламада.
Белгілі болғандай, олар өздерінің осы әрекетімен 1 млн теңгеден астам сомаға залал келтірген. Ұсталғандардың үшеуі бұған дейін осы тәріздес ұрлық бойынша, сондай-ақ көлік ұрлығы мен тонау фактілеріне қатысты сотты болған.
Күдіктілер кабель ұрлығын мойындап, олардан заттай айғақтар алынды. Сонымен қатар, олардың бұған дейін осындай қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.