Елорданың «Жастар» сарайына бомба қойған жалған лаңкеске 100 мың теңгеге жуық айыппұл салынды
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Елорданың «Жастар» сарайына бомба қойған жалған лаңкеске 100 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлады Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Ведомствоның атап өтуінше, 2011 жылдың 9 қарашасы күні сағат 13.00-де азамат Ю. мас күйінде Астана қаласы, Республика даңғылы, 28 мекенжайында орналасқан «Жастар» сарайының ғимаратында жүріп, оның жертөлесінде бомба қойылғандығы туралы Астана қаласының ІІД Жедел басқару орталығына хабарлады. Түскен ақпаратты тексеру үшін оқиға орнына ІІД жедел-тергеу тобы, «Алматы» ауданының ІІБ жедел-тергеу қызметі, қалалық ІІД «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшелері, Астана қаласының ІІД патрульдік полиция полкі, қаланың ІІД жол полициясы басқармасы, Астана қаласының ТЖД, Астана қаласы бойынша ҰҚКД, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери полициясы жасағы, Астана қаласының Жедел медициналық жәрдем қалалық стансасы мамандары жетті. Ғимаратты тексеру барысында жарылғыш құрылғы табылмай, жалған лаңкес ізін суытпастан ұсталынды.
Оның қылмыстық әрекеттері мемлекетке 94 741 теңгеге зиян келтірді, ақша жедел және құтқару қызметтерінің шығуын жүзеге асыруға жұмсалды.
Мемлекетке келтірілген зиянның орнын толтыру мақсатында Астана қаласының «Алматы» аудандық прокуратурасы Астана қаласы Алматы аудандық сотына аталған азаматтан келтірген зиян сомасын өндіріп алу туралы талап енгізіп, соттың ағымдағы жылдың 22 мамырындағы шешімімен толық көлемде қанағаттандырылды.