Елорданың «жасыл белдеуіне» 4,5 млн ағаш отырғызылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының «жасыл белдеуіне» 4,5 млн ағаш отырғызылады. Бұл туралы қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, елорда жағдайына арналған «жасыл» аймақтың көлемі мың адамға 25 гектар немесе бір тұрғынға шаққанда 250 шаршы метрді құрауы тиіс.
Қазіргі уақытта «жасыл белдеу» мөлшері - бір тұрғынға 139 шаршы метрді құрап отыр. Осы ережеге сәйкес, Нұр-Сұлтанның «Жасыл белдеуі» орманы кемінде 25 мың гектар болуы керек.
Бүгінгі таңда қаланы үздіксіз көгалдандырудың жалпы ауданы 14 725 гектарға жеткен және биыл 4,5 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қала шегінде жер телімдері бөлінді, бірақ спикердің айтуынша, олардың барлығы ағаш отырғызуға жарамды бола бермейді.
«Елордада ағаштардың жерсіну деңгейі 61%-ті құрайды. Ал «Жасыл белдеудегі» ағаштар 91% дейін жерсінеді.(...) Біз қазір зерттеуге тапсырыс беріп, ғылымды, биологтарды, топырақтанушыларды және басқа да қызығушылық танытқан тұлғаларды тартқымыз келеді және не қолайлы, не жоқ екенін көргіміз келеді. Егер жерлер жарамсыз болып шықса, бұл учаскелерден бас тартып, басқаларына ауыстыруды сұраймыз», - деді ол қалалық мәслихаттағы есептік кездесуде.
Бұған дейін Әлия Қожабаева Нұр-Сұлтанның қай аудандарында жаңа саябақтар салынатынын айтқан еді.