Елорданың «Железнодорожный» тұрғын үй алабына емхана салынбақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың «Железнодорожный» тұрғын үй алабына емхана салу қажет. Мұндай ұсынысты Алматы ауданы әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі күні Алматы ауданында 6 тұрғын үй алабы орналасқан. Олар: Промышленный, Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар және Оңтүстік-Шығыс. Жалпы аумағы 1 400 гектарды құрайтын бұл алаптарда 95 мың адам тұрады. Білім беру саласына қатысты айтар болсам, тұрғын үй алабтарында 13 бала бақша мен 12 мектеп жұмыс істейді. Өткен жылы Промышленныйдағы №57 мектепке 300 орынға арналған жапсарлас ғимарат салынды. Биыл Мичуринода 600 орынға арналған мектеп пайдалануға берілді. Железнодорожныйда Ішкі істер министрлігінің оқу орталығы ғимаратын қаланың коммуналдық меншігіне қайтару жұмстары ұйымдастырылды. Онда №50 балабақшаның 140 орынға арналған екінші корпусы мен техникалық шығармашылық орталығы ашылды», - деді Берік Бапышев Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында.
Оның атап өтуінше, ауданда қалалық 5 емхананың филиалы медициналық қызмет көрсетеді. Железнодорожный тұрғын үй алабында тұрғындардың өтініші бойынша жекетұлғалар жалға алып отырған ғимаратты босату есебінен емханаға кеңейту жүргізілді. 1979 жылы салыған ғимараттың бүгінгі жай-күйі өте нашар. Емхана қызметкерлері мен келушілер тарапынан ғимараттың қыс уақытында салқын болатындығына қатыстышағым көп.
Осыған орай Алматы ауданы әкімінің орынбасары емханаға арналған жаңа ғимарат салу не болмаса жұмыс істеп тұрған емханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар ол қоғамдық кеңес мүшелерінен осы бастамаға қолдау көрсетуді өтінді.