Елорданың жол полициясы қызметкерлері 102 келі марихуана тәркіледі
АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Елорданың жол полициясы қызметкерлері 102 келі марихуана тәркіледі. Бұл ақпаратты Астана қалалық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кеше сағат шамамен 16-00-де «Қызылжар» бекетінде жол полициясы қызметкерлері Тараздан Астанаға келе жатқан Setra автобусын тоқтатты. Көліктің салонын тексеру барысында иісі бар, сұр-жасыл түсті зат салынған 5 қытай сөмкесі табылды. Кейінірек аталған заттың салмағы 102 келі 62 грамм марихуана екендігі анықталды.
Автобус жүргізушісінің айтуынша, сөмкелер Рудный қаласының тұрғыны 21 жастағы азаматшаға тиесілі. Аталған іс одан әрі тексерілу үшін Астана қалалық ІІД басқармасының қарауына берілді.