Елші Болат Сәрсенбаев Иордания Хашимит Корольдігі Парламенті Сенатының төрағасымен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауының негізгі қағидаларын шетелде түсіндіру мен насихаттау мақсатында, 2010 жылғы ақпанның 2-де Қазақстан Республикасының Иорданиядағы елшісі Болат Сәрсенбаев, Иордания Хашимит Корольдігі Парламенті Сенатының төрағасы Тахер әл-Масримен кездесіп, оған Жолдаудың мәтінін табыс етті,
деп хабарлады ҚР Иорданиядағы Елшілігінен.
Кездесу барысында құжаттың маңызды жақтарына көңіл аударып, атап айтқанда, еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары деңгейіне көтерілгені жайлы және де тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президентінің бастауымен қуатты және табысты елге айналғаны жөнінде баяндап берді. Сонымен-қатар, ендігі кезекте мемлекетіміздің алдағы онжылдыққа арналған нақты бағдарламасы мен мақсаттары жөнінде әңгімеледі. Сондай-ақ, түрлі салалар бойынша екі жақты ынтымақтастықтың даму процесімен таныстырып, өткен жылдың 3-4 қарашасында Елбасымыздың Иорданияға жасаған ресми сапарының барысында қол жеткен уағдаластықтар жөнінде хабарлады.
Өз тарапынан Иордания Парламентінің Спикері, Елбасымыздың Қазақстан халқына арналған Жолдауымен танысқанына ризашылық білдіріп және оның ішінде қызығушылық танытатын көптеген жәйттерге аса мән беруге тұрарлық екендігіне назар аударып, достас Қазақстан Республикасының келешегі мен болашағының зор екендігін атап өтіп, мол табыстар мен өрлеу тілектерін айтты.
Аталған кездесу достық көңіл-күй жағдайында өтті.