Елші З.Тұрысбеков Мәскеу парадына қатысуға келген қазақстандық ардагерлермен кездесті

МӘСКЕУ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшісі Зауытбек Тұрысбеков Ұлы Жеңісті 65 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысу үшін Мәскеуге келген 34 қазақстандық ардагермен кездесті.
None
None

Елшіліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, З.Тұрысбеков ардагерлерді Жеңіс мейрамымен құттықтап, оларға ерліктері үшін алғыс білдірді. Елші сондай-ақ, кезінде Алматы мен Ақтөбеде жасақталған және Ржев-Вяземск операциясы барысындағы шайқастарға қатысқан 100 және 101-ші атқыштар бригадаларының қазақстандық жауынгерлеріне ескерткіш орнату турлы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.

Дипмиссия басшысы қонақтарды жақында Зелиноград қаласындағы №229 мектепке Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының аты берілгені жайлы хабардар етті. Ағымдағы жылы, Б.Момышұлының 100 жылдық мерейтойы жылы - аталмыш мектепте Батырдың ескерткішін орнату және мұражайын ашу жоспарланып отыр.

Жеңіс тойы қарсаңында Қазақстан Елшілігінің, Жамбыл және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің қолдауымен Б.Момышұлы атындағы мектеп мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың атындағы №891 мәскеулік мектепті компьютерлермен, интерактивті тақталармен, оқу және ғылыми-әдістемелік құралдармен, қазақстандық авторлардың кітаптарымен, жиһаздармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілді. Ал Псков облысындағы Невель қаласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткіші қайта жаңартылды.

Мәскеу сапарының аясында ардагерлер сондай-ақ, Тағзым ету тауындағы Жеңіс мемориалында болды, Александр бағындағы Белгісіз жауынгердің зиратына гүл шоқтарын қойды.

Кеше, мамырдың 8-інде олар Тверь облысының Оленин ауданындағы Молодой Туд селосында қазақстандық жауынгерлердің сүйектерін қайта жерлеу рәсіміне қатысты. 1941-1943 жылдары бұл ауданның аумағында қазақстандық 100 және 101-ші жекелеген атқыштар бригадалары қатысқан үлкен шайқастар болған.

Ал бүгін, мамырдың 9-ында ардагерлер Волоколамск қаласында болып, генерал И.Панфиловтың, Б.Момышұлының ескерткіштеріне және Дубосеково разъезіндегі 28 панфиловшылардың мемориалына гүл шоқтарын қояды.

Соңғы жаңалықтар