Елтаңбаны өзгертуге қаржылық мүмкіндік бар ма – министрдің жауабы

Елтаңба
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрі Мәди Такиев «елтаңбаны өзгертуге ел бюджетінің қаржылық мүмкіндігі бар ма?» деген сауалға жауап берді.

«Әрине, мүмкіншілік бар. Сараптама жүргізу қажет. Бізде қанша елтаңба бар екендігіне сараптама жүргізетін боламыз. Өйткені, олардың көлемі әртүрлі, 40 сантиметрден бастап 1 метрге дейін жетеді», - деді министр агенттік тілшісіне сауалына орай.

Оның атап өтуінше, Үкімет басшысы Қаржы министрлігінің алдына бюджеттің тиімсіз шығыстарын қысқарту туралы тапсырма берген.

«Тапсырма болды. Оны бірнеше кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, қарап шықтық. 301 млрд теңгені қысқартамыз. Оның ішінде іштегі іс-сапарларды, шетелдік іс-сапарларды, игерілуі төмен жобаларды қысқарту бар. Әзірше, қысқартылатыны осы сома. Дегенмен, әлі де қарастырып жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, біздің бюджеттің шығыстары 23,9 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 20 трлн теңге жалақыға, зейнетақыға, шәкіртақыға, жәрдемақыға төленеді. Яғни, қысқартылмайтын сома», - деді Мәди Такиев.

Сонымен қатар ол қалған 4 трлн теңгеге жуық сомадан да қысқарту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде ұлттық бірегейлігіміздің мемлекеттік рәміздерде айқын көрініс тапқанын атап өткен еді.

«Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар