Елу мың теңге пара алған шенеунік 4 млн айыппұл төлейді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды аудандық соты Еңбек гигиенасы ұлттық орталығының директорына пара алғандығы үшін айыппұл салды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотынан хабарлағандай, бұрынғы шенеунік Қанат Сақиев 50 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Ол бұл қаржыны фармацевтикалық фирманың өкілінен егуге арналған дәрі-дәрмектер қаржысының аударымын жылдамдату үшін алған.
Судья Жұмағұл Шүженов сотталушыны айыпты деп танып, айыппұл ретінде жаза тағайындады. Бұрынғы шенеунік өз кінәсін толық мойындап, өкінді. Ол прокурормен процессуалдық келісім жасап, тараптар айыппұл төлеу жазасына тоқтады.
«Сот сотталушыны пара алғаны үшін айыпты деп танып, 70 еселенген сомада, яғни 4 200 000 теңге көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды. Сотталушының мүлкі тәркіленуге жатады. Қосымша жаза ретінде ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс жасау құқығынан шеттетілді», - деп үкім етті судья Жұмағұл Шүженов.
Экс-шенеунікке айыппұлды өз еркімен өтеу үшін бір ай уақыт берілді. Одан кейін сот прокурордың наразылығымен айыппұлды бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруға құқылы.