Елжан Біртанов: Корпоративтік басқаруды енгізуде шетелдік әдісті көзсіз көшіру дұрыс емес

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардихирургия орталығында «ҚР-ның денсаулық сақтау ұйымдарында менеджментті және корпоративтік басқаруды дамыту» тақырыбында республикалық конференция басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Конференцияда республиканың барлық облыстарынан басқармалар мен медициналық ұйымдардың басшылары, өңірлік атқарушы биліктің өкілдері бас қосып отыр. Жиында 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бойынша медициналық ұйымдарды бақылау кеңесімен бірге ірі мемлекеттік кәсіпорындардың мәртебесіне енгізу мәселесі талқылануда. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жаңа бағыттағы жұмыс денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік ұйымдарды басқарудың тиімділігін арттырып, медициналық ұйымдардың басшыларының, мамандарының жұмысына тың серпін бермек.
Алматы қаласынан онлайн арқылы сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгінгі конференция тәжірибе алмасу мақсатында өткізіліп отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, өткен жылдан бері жаңа бағдарламаның бағытын түсіндіру, кеңес беру мақсатында біршама жұмыстар атқарылған. Бүгінгі таңда жаңа өзгерістерді қалайша тиімді түрде жүзеге асыру үшін білікті заңгерлер мен экономистер тартылып жатыр.
«Бүгінгі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласының бюджеті 1 триллион теңгеге тең. Медициналық мекемелердің 90 проценті мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылып отыр. Стратегиялық мақсаттарды орындау үшін медициналық мекеме басшылары мен олардың орынбасарларына зор жауапкершілік артылады. Осыған байланысты корпоративтік басқаруды стратегияда көрсетілген мақсаттарға жетудің жолы деп есептеуіміз керек. Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік және мемлекеттік емес медициналық ұйымдарда жалпыға ортақ мүдде болуы тиіс», - дейді министр.
Министрдің айтуынша, бақылау кеңесін құрумен бірге, корпоративтік басқаруды әр түрлі бағытта сынау амалдары қарастырылып жатыр. Өткен жылы бірнеше типтік құжаттар жасалып, медициналық ведомстволар мен ұйымдарға жөнелтілген. Елжан Біртанов өз сөзінде атқарушы биліктің осы салаға жауапты басшылары мен медициналық мекемелердің басшыларын оқытудың маңыздылығын айтып өтті.
«Сондай-ақ, ішкі аудитті енгізу маңызды. Ішкі аудит қызметі ұйымның қаржылық саласын басқарумен шектелмей, стратегиялық жоспарды іске асыруда мәселені айқын бақылап отыруы керек. Әлбетте, алда көп жұмыс бар. Дамудың келесі кезеңіне өтуіміз керек. Атқарушы биліктің өңірлік тармақтарына біршама жауапкершілік жүктеледі. Менеджментті және корпоративтік басқарудың мүмкіндіктері өте зор. Әрине, шетелдік әдістен көзсіз көшіре беру дұрыс емес деген ойдамын. Өйткені, ортақ мүддеміздің өзіндік ерекшеліктері бар. Бүгінгі жиынның маңызы өте зор», - деп түйді Елжан Біртанов.

Соңғы жаңалықтар