Елжан Біртанов қырғыз әріптестеріне Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі туралы айтып берді

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қырғыз әріптестеріне Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктері мен денсаулық сақтау саласындағы статистикалық мәліметтердің сапасы жақсарғанын атап өтті. Осылайша, қаңтар айынан бастап мемлекеттік медициналық ұйымдар қағазсыз медициналық құжаттамаға көшіп кеткен. Қазірдің өзінде халықтың 95 пайызына электронды денсаулық паспорты жасалып, емханалардағы кезек 30 пайызға қысқарған.

«Биылғы түлектердің бөлініп, өңірлерге таратылуына байланысты алғашқы медициналық көмек бойынша дәрігерлердің тапшылығы 900 адамға қысқарды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жас кадрларға әлеуметтік қолдау шаралары айтарлықтай күшейтілген. Биыл Республикалық комиссия әр аймақтың қажеттілігіне қарай 3776 жас дәрігерді өңірлерге жіберді, оның ішінде 1819 маман ауылға аттанды», - деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру аясында 1 маусымнан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға көтерілген.

Қырғыз әріптестерінің алдында Елжан Біртанов сондай-ақ, 2018 жылдан бастап республикада дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің орталықтандырылғандығын айтып өтті. Министрдің айтуынша, дәрі-дәрмектерді сатып алудың ашықтығы қамтамасыз етіліп, тегін дәрі-дәрмектерді таратудың электронды тіркеуі енгізілген. Бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған.

Қазақстанда сонымен қатар дәрі-дәрмектердің бағасы реттеліп келеді. 2019 жылғы Бірыңғай дистрибьютордың тізімін қалыптастыру кезінде дәрі-дәрмектердің бағасы 40 пайызға дейін төмендеді. Сонымен бірге, жалған дәрі-дәрмектерді анықтау үшін дәрілік заттарды таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылып отыр. 2020 жылдан бастап электронды рецепттер міндетті бола бастайды.

Министр қатерлі ісік ауруын бақылаудың 2022 жылға дейінгі кешенді жоспарының орындалуы туралы да айтты. Жоспарды іске асыруға бөлінген 35 миллиард теңгеден астам қаражаттың 32 миллиарды ақысыз медициналық көмекті, оның ішінде молекулалық-генетикалық тестілеуге, радиациялық терапия және паллиативті көмекті кеңейтуге бағытталған. Нұр Сұлтан қаласында радиациялық және протонды терапияға арналған, заманауи қондырғылармен жабдықталатын Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салынуда.

Сөз соңында Елжан Біртанов министрлік әзірлеген жаңа Денсаулық кодексінің жобасы туралы айта келе оның қазір Парламентте қаралып жатқанын тілге тиек етті.

«Жаңа кодексте азаматтардың қоғамдық денсаулықты қамтамасыз етудегі бірлескен жауапкершілігін анықтауға, медицина қызметкерлерінің мәртебесін нығайтуға, электронды денсаулық сақтаудың заманауи аспектілерін анықтауға бағытталған бірқатар негізгі бөлімдер қарастырылған», - деді министр.

Денсаулық сақтауды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Оның ерекшелігі - халықаралық денсаулық сақтау бағдарламалары арқылы балалар мен жастардың денсаулығына назар аудару. Елжан Біртановтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның мақсатты индикаторлары қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін арттыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар