Елжан Біртанов: Медбикелер пандемиямен күресте алдыңғы қатарда тұрды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медбикелерді Халықаралық медбикелер күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елжан Біртанов: Медбикелер пандемиямен күресте алдыңғы қатарда тұрды

«Өзім де жұмысты Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханада және Жедел медициналық көмек ауруханасында мейіргер болып бастадым, сондықтан, тәулігіне 24 сағат кезекшілікке түскенде төзім мен шыдамдылықтың аса қажет екенін мен тәжірибемнен жақсы білемін. Түрлі процедура жасайсың, науқастарды егу, жансақтау бөлмесіндегі жағдайы ауыр пациенттерді түнімен күзету қажет, мұндайда адамда «міндетімді сәтті атқарсам» деген ой ғана болады.

Сіздер атқарып отырған жұмыс - қайырымдылық, мейірімділік пен гуманизмге негізделген. Бұл қасиеттер медициналық ақ халат киген әрбір маманға үлкен жауапкершілік жүктейді», деп жазды министр Facebook -тегі парақшасына.

Оның айтуынша, әлемдегі медицина қызметкерлерінің жартысынан көбі медбике және олар денсаулық сақтау жүйесінде өмірлік маңызды қызмет атқарады.

«Көбіңіз осы мамандыққа әбден бейімделіп алдыңыз, тіпті, көмекке мұқтаж адамдарға шынайы қызмет ету – өмір сүру салтына айналды. Жалпы, науқасты емдеу ісінде мейірбикелердің еңбегі өте маңызды.

Медбикелер адам денсаулығына қауіп төндіретін эпидемия, пандемиямен күресте де алдыңғы қатарда тұрды. Бүкіл әлемдегі медбикелер COVID-19 қасқайып қарсы шықты.

Еліміздегі мейірбикелер мен мейіргерлерге министрліктің атынан алғыс білдіремін. Өз істеріңзге деген адалдық пен пациенттерге деген қайырымға, мейірімге толы қарым-қатынастарыңыз үшін көп рақмет!», - деп жазды Елбжан Біртанов.