Елжан Біртанов: Пациенттердің агрессиялы болуына өзіміз кінәліміз
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жеке клиникаларында телемедицина жүйесі енгізілуде. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездескен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Телемедицина түрлі деңгейдегі дәрігерлердің арасында байланыс құралы болып келді. Бүгінде телемедицина мәселесі қатты өзгеріске ұшырап отыр. Өйткені, тағы бір қатысушы әрі ең бастысы - пациент қосылды», - деді министр.
Оның айтуынша, бүгінде телемедицинада пациент пен дәрігер арасындағы ынтымақтастық бағыты дамуда. Сондықтан да еліміздегі жеке клиникаларда телемедицина қарқынды енгізілу үстінде. Бұған қоса телемедицина азаматтардың мүддесін қорғауға да бағытталған. Өйткені, қазіргі уақытта халықтың техникалық мүмкіншіліктері өте жоғары.
Мұнан бөлек, министр медицина қызметкерлерінің пациенттер тарапынан агрессия бар деп шағымдана беруі дұрыс еместігін баса айтты.
«Медицина қызметкерлерімен кездескен кезде пациенттердің тарапынан үздіксіз агрессияға шағымдана бермей, олардың ығына жығыла білу де керектігін де үнемі айтып келемін. Пациенттер тарапынан агрессияның бар екендігі сөзсіз. Алайда, бүгінгі күні мұндай агрессиялардың орын алуына өзіміз де кінәліміз. Өйткені, біз адамдармен жұмыс істей алмаймыз», - деді Елжан Біртанов.