Елжан Біртанов ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын жеке бақылауына алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматы түбінде ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан зардап шеккен азаматтардың жағдайын жеке бақылауына алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы түбіндегі әуе апатынан қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпын. Ауруханадағы азаматтардың жағдайы жеке бақылауымда. Зардап шеккендерді қажетті медициналық көмекпен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етеміз»,- деп жазды министр Twitter-дегі парақшасында.
Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.