Елжан Біртановқа сот үкімі шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот үкімі «Zoom» платформасында онлайн режимде оқылды.

«Елжан Амантайұлы Біртанов ҚР Қылмыстық кодексі 361-бабының 3-бөлімінде санитариялық авиацияның әуе кемесін пайдалану эпизоды бойынша қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәсіз деп танылсын және оның әрекеттерінде осы қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, ақталсын.

ҚР ҚК 361-бабы 3-бөлімі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев кінәлі деп танылсын және осы бап бойынша Біртановқа бес жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза, Әбішевке 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалсын», - деп үкім оқыды судья Ибрагим Әлкенов.

Бұл ретте сотталушыларға пробациялық бақылау белгіленді. Оларға мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган мен қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

ҚР ҚК 44-бабының 2-бөлігі бойынша сотталғандардың жүріс-тұрысын бақылайтын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын өзгертуге болмайды. Жұмыстан бос уақытында уәкілетті органға хабарламай, тұрғылықты жерінен кетуге, басқа жерлерге баруға тыйым салынған. ҚР ҚК 44-бабының 1-бөлігіне сәйкес, О. Әбішев негізгі жазаны өтеу кезінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Еске сала кетсек, бұрынғы енсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке «Ericsson Nicola Tesla» компаниясының қызметін қолдану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген айып тағылған.

Бұған дейін прокурор Бауыржан Шекенов соттағы жарыссөз кезінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынын айыруды сұраған еді.

«Денсаулық сақтау министрлігінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылсын. Е. Біртанов пен О. Әбішевтен Денсаулық сақтау министрлігінің пайдасына 1 миллиард 350 миллион 123 мың 129 теңге көлемінде материалдық шығын өндірілсін. Азаматтық талапты қанағаттандыру үшін Е. Біртанов пен О. Әбішевтің әрқайсысынан 20 миллион 251 мың 846 теңгеден мемлекеттік баж өндірілсін. Үкім заңды күшіне енген күннен бастап, азаматтық талап бойынша Е. Біртанов пен О. Әбішевке үкімді ерікті түрде орындау үшін 3 ай мерзім белгіленсін, ол аяқталған соң талап мәжбүрлеп орындауға жатады. Санавиация әуе кемесін пайдалану эпизоды бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің Е. Біртановтан 5 миллион 503 мың 721 теңге көлемінде материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талабы қараусыз қалдырылсын», - делінген сот үкімінде.


Соңғы жаңалықтар