Елжана Таниева Олимпиадада көркем гимнастикадан ел намысын қорғайды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионатында Елжана Таниева топ жарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

133.40 ұпаймен жарыстың жеңіпмазы атанған қазақстандық спортшы осылайша Париж Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді.
Сайыста екінші орынға өзбекстандық Тахмина Икромова, үшінші орынға жапониялық Рейна Матсусака жайғасты.

«Бүгін маған Олимпиада лицензиясы бұйырды. Бұл — өте үлкен еңбек. Осы жеңістің артында тұрған барлығына алғысымды білдіремін! Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет! Менің бұл сайыстағы ең мықты қарсыласым — өзім. Өз-өзімді дұрыс бағыттау, дұрыс жігерлендіру арқылы Олимпиада жолдамасына қол жеткіздім деп есептеймін», — деп мәлім етті Елжана Таниева жарыстан кейін.

Сонымен қатар, тағы бір қазақстандық спортшы Айбота Ертайқызы Азия чемпионатындағы көпсайыста 5-ші орын алып, таспа және ұршықпен жаттығуда финалға шықты.
Финалдық жарыстар ертең, яғни 4 мамыр күні өтеді.

Еске сала кетейік, сары құрлық бәсекесіне барлығы 17 елден келген 90-нан астам спортшы қатысып жатыр.
Қоса кетсек, Токио Олимпиадасында ел намысын Алина Әділханова, оған дейін Рио-де-Жанейрода Сабина Әшірбаева, Лондонда Анна Алябьева, Бейжің мен Афинада Әлия Юсупова қорғаған еді.
Ең жоғары нәтиже Әлия Юсуповаға тиесілі — 2004 жылы көпсайыста 4-орын және 2008 жылы ұршық жаттығуында 4-орын.


