Ембі полигоны аумағы басқа мақсаттарда пайдаланылады

«Хаттамаға 2016 жылғы 20 қазанда Мәскеуде қол қойылды. Құжатта Ембі сынақ полигонын жалдау және пайдалану тәртібін реттейтін халықаралық шарттардың қолданысы тоқтатылады. Сондай-ақ Ресейге уақытша пайдалануға берілген жер телімдерін, жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктерді қабылдау жөніндегі қажетті шараларды жүргізу көзделген», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров заң жобасы бойынша баяндамасында.
Қорғаныс министрлінің мәліметінше, полигонның жер учаскелері ары қарай пайдалану үшін жарамды жағдайда қайтарылады. Ресей тарапынан полигонды пайдалану бойынша тиісті міндеттерін орындауына қатысты шағымдар жоқ. Полигонды жалдаудан шығару аймақтық экономикалық дамуға қолайлы әсер етеді деп есептелініп отыр. Оның ішінде қайтарылған жерлерде ары қарай пайдалы қазбаларды барлау, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің, ұйымдардың мүддесінде пайдалануға болатынын атап өту қажет.
Сонымен қатар, полигонның учаскелері Ақтөбе облысындағы әлеуметтік маңызы зор инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы үшін пайдаланылуы мүмкін.
Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған полигон ядролық сынақ алаңы санатына жатпайды, сондықтан да тұрғындар мен жергілікті билік органдары тарапына қандай да бір аурулардың туындауына байланысты шағымдар түспеген көрінеді.