«Ембімұнайгаз» мұнай өндірісімен бірге газ өңдеу көлемін де ұлғайтып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — «Ембімұнайгаз» компаниясы 2024 жылмен салыстырғанда мұнай өндіру көлемін 210 мың тоннаға арттырды. Биылғы меже — 3 млн тонна. Ол үшін кәсіпорын қиын алынатын қорларды игеріп, жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізіп жатыр.
Қиын алынатын қорлар өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді
Қиын алынатын қорлардан өндірілген мұнай көлемі 2024 жылғы 600 мың тоннадан қазір 1 млн тоннаға жетті. Соңғы бес жылда көрсеткіш 2,5 есе өскен.
Бұған тұтқырлығы жоғары, өткізгіштігі төмен қабаттар жатады.
— Қазір бұрғыланып жатқан ұңғымалардың 80 пайызы күрделі конструкциялы. Көлденең ұңғымалар экономикалық тұрғыдан тиімді әрі мұнай өндіру әлеуетін арттырады, — деді компанияның бас директоры Ринат Ізмұханбет.
Компания Қосшағыл мен Қарсақ кен орындарында ұңғыма сағасын 45 градус бұрышпен орналастырып бұрғылау технологиясын алғаш рет енгізді. Таяз нысандарда қабатты және көпсатылы гидравликалық жару әдістері де қолданылады.
Компания 32 кен орнын игеруде. Зерттелген мұнай қоры — шамамен 75 млн тонна. Ол қазіргі өндіріс деңгейінде 20-25 жылға жетеді.
Жаңа кен орындары мен газ өңдеу жобалары
Қызылқоға ауданындағы Тайсойған аумағында әлеуетті мұнай ресурстары 27,9 млн тонна деп бағаланған. Барлау бұрғылауы басталды.
«Батыс Прорва» кен орнында 2025 жылы жылына 160 млн текше метр газ өндіретін бірінші кешен іске қосылды. 2027 жылы екінші кезең аяқталып, қуат жылына 860 млн текше метрге жетеді деп жоспарланған.
Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында биыл қуаты жылына 80 млн текше метр газды кешенді дайындау қондырғысы іске қосылды. Газды өңдеу нәтижесінде пропан-бутан қоспасы мен тұрақты конденсат алынады.
— Жыл соңына дейін ұлттық операторға 50 млн текше метр тауарлық газ жеткізу жоспарланып отыр. 2027 жылы бұл көлемді 80 млн текше метрге жеткізу көзделген. Қазір оны 120 млн текше метрге дейін арттыру мәселесін қарастырып жатырмыз, — деді компания бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Нұрлыбек Есмағанбетов.
Жобаның инвестициялық құны — 26,8 млрд теңге. Зауыт ілеспе газды коммерцияландыруға, мұнай өндіруді арттыруға және ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз етуге бағытталған.
12 кен орны бір орталықтан бақыланады
2015 жылдан бері жұмыс істейтін өндірістік процестерді бақылау және басқару орталығы бүгінде 12 кен орнын қамтиды. Жүйе алғаш рет «УАЗ» кен орнында пилоттық режимде енгізілген.
Ұңғымалардың көрсеткіштері мен техникалық жағдайы мониторлар арқылы онлайн бақыланады. Түстер ұңғыманың қалыпты жұмысын, ақауын немесе жөндеуде екенін көрсетеді.
Компанияның ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Болат Нысанбаевтың айтуынша, бұрын ақауы анықталған ұңғыманы жөндеу кезінде өндіріс 10-15 күнге дейін тоқтап қалуы мүмкін еді. Қазір бұл жұмысты 2-3 тәулікте аяқтауға мүмкіндік бар.
— Бұрын ақау туралы бірнеше маманға телефон соғып, жағдайды түсіндіру керек болатын. Қазір планшеттегі батырманы басса, ақпарат бірден орталыққа түседі. Бұл қолайсыз ауа райында да жұмысты жеделдетеді, — деп түсіндірді Болат Нысанбаев.
Мұнай ұңғымасындағы сорғының толу көрсеткіші 95 пайызға жеткенде мұнай тербелткіші автоматты іске қосылып, жабдықтың шамадан тыс жүктелуіне жол бермейді.
Жасанды интеллект өндірісті оңтайландырады
Жасанды интеллект мұнай өндіруді жоспарлау мен ұңғымалардың мүмкіндігін бағалауға қолданылады. Бір ұңғыма тоқтағанда оның жоспарланған көлемі басқа ұңғымаларға бөлінеді. Жүйе деректі талдап, қосымша жүктемені қай ұңғыма қабылдай алатынын анықтайды.
ABAI ақпараттық жүйесі арқылы Шығыс Молдабек кен орнының цифрлық телнұсқасы жасалып жатыр. Автоматтандырылған өлшеу қондырғыларынан деректер қашықтан жиналып, ұңғымалар интеллектуалды басқару станцияларымен жабдықталған.
Жүйе қабат, ұңғыма және өндіріс деректерін біріктіріп, кен орнын игеру нұсқаларын есептейді. Бүгінге дейін 700-ге жуық сценарий сарапталған. Бұрын бірнеше айға созылатын есептеулер қазір бірнеше сағатта дайындалады.
Кен орындарындағы газдан өндіріске қажетті электр энергиясының 67,4 пайызын өндіреді
Компания шығынды азайтып, кен орындарын электрмен тұрақты қамту үшін газ-поршеньді электр станцияларын іске қосуда.
Жобалар сегіз кен орнын қамтиды: Гран, Забурын, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Ақтөбе, Шығыс Мақат, Қотыртас, Солтүстік УАЗ және С. Нұржанов. Станцияларда жылына шамамен 60,3 млн текше метр ілеспе газды пайдалану жоспарланған. Осылайша, кен орындары электр энергиясы қажеттілігінің 67,4 пайызын өздері өтейді.
— Бұл сыртқы электр желілеріне тәуелділікті азайтып, өндіріс шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Болашақта ілеспе газ өндірілетін басқа кен орындарына да осындай станциялар салу жоспарымызда бар. Мақсатымыз — өндірісті толықтай өз электр энергиямызбен қамтамасыз ету, — деді кәсіпорынның бас энергетигі Жәнібекбай Төлегенов.
Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу өндіріс тиімділігін арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және кен орындарының әлеуетін толық игеруге мүмкіндік береді.