Емделушілер неге Президент Іс Басқармасы медициналық орталығын таңдайды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде әрбір медициналық мекеме пациенттерге диагностикадан бастап, емдеу, оңалтуға дейінгі медициналық қызметтің толық циклін ұсына бермейді. Енді пациенттер барлық медициналық қызметті жаңа технологиялармен жабдықталған бір орталықтан алуына болады. ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасында бөлек емдеу-диагностикалық блогы ашылды. Ол жерде медициналық қызметтер қазақстандықтарға қолжетімді. Ауруханада тіркелген тұрғындардан бөлек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде пациенттер ем ала алады. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі жаңадан ашылған емдеу-диагностикалық блогының жұмысымен танысып қайтқан еді.
Ашылғанына бір ай ғана болған ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығы ауруханасының емдеу-диагностикалық блогында пациенттердің қарасы көп. Бұл жерде еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтар ем алып жатыр. Емдеу блогы заманауи технологиялармен жабдықталған және онда жоғары білікті мамандар жұмыс істейді.
Шолпан Жүзбаева елорданың біраз ауруханасында емделді. Пациент балаларының кеңесіне құлақ асып, үздік медициналық қызметке қол жеткізу мақсатында ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығына жүгінген.

«Алтыншы күн емделіп жатырмын. Бұл клиника туралы бұрыннан білемін. Қысым, бас ауруы қатты азаптады. Балаларым осы клиникаға келуге кеңес берді. Айтуларынша, бұл жерде жақсы қызмет ұсынылады және көптеген пациент емделіп шыққан. Расында, басқа клиникалармен салыстырғанда жоғары деңгейде. Барлық жағдай жасалған. Бір күннен соң шығамын, себебі барлық медициналық сынақ оң нәтижелі, жағдай тұрақталды»,- деді кардиология бөлімінде емделіп жатқан Шолпан Жүзбаева.

Әлім Бекішев ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының ауруханасында бірнеше рет емделген.
«Бір жыл бұрын күрделі ота жасалды. Жыл сайын жоспарлы түрде ауруханаға жатып тұрамын. Биылда жыл соңында емделуді шештім. Әрдайым терапевт, кардиолог және басқа да дәрігерлердің бақылауындамын. Басында қысымның ауытқуы болды. Дәрігерлердің арқасында аз уақытта қысымым қалыпқа келді. Қазір өзімді жақсы сезінемін, энергияның жоғарылауы байқалады. Әрине, денсаулық қымбат. Сондықтан қызметкерлерге, дәрігерлерге, әсіресе кардиология бөлімінің меңгерушісі Гүлбан Жақсыбаеваға алғысымды білдіремін. Отадан кейін оңалту кезінде тікелей сол кісінің бақылауында болдым. Басшылық деңгейінде әр пациентке жеке қамқорлық жасалады. Дәрігерлер өзінің кәсіпқой маман екенін дәлелдеуде», - деп бөлісті науқас.

Медициналық орталықтың кардиология бөлімі 32 пациентке арналған. 13 екі орындық және 6 бір адамдық төсек-орын бар. Бөлім меңгерушісі Гүлбану Князеваның айтуынша, кәдімгі процедуралардан бөлек, ядролық медицина орталығының базасында жүректің бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томографиясын жасау мүмкіндігі бар.
«Аталған зерттеу тек біздің ауруханада ғана жүргізіледі. Ол жүрек миокардының өміршеңдігін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл тексеру пациенттерді хирургиялық емдеуге іріктеу мен бағалауда сонымен қатар қандай емдік әдісті таңдауға болатындығын анықтауға көмектеседі. Яғни дәстүрлі ем немесе дәрі-дәрмекті қолдану. Біздің бөлімде төрт кардиолог жұмыс істейді. Олар тағылымдамадан өткен және функционалды диагностиканың барлық әдісін меңгерген. Бізде тіркелген азаматтармен қатар өңірлерден келген пациенттер де емделеді. Науқастар мемлекеттік портал арқылы немесе ақылы негізде жүгіне алады», - деп түсіндірді Гүлбану Князева.

Кардиология бөліміне пациенттердің қашан және қандай жағдайда түсетіні белгісіз. Сондықтан да дәрігерлер әрқашан қырағы.
«Науқастарды шұғыл және жоспарлы түрде қабылдаймыз. Пациенттер ауыр жағдаймен келіп, аяғынан тік тұрып кетіп жатады. Ең ауыры жүрегінде ақауы барлар, ал ең жақсысы дертіне ем іздеген жандарға көмектесу, олардың сауығуы. Күтпеген, шұғыл жағдайлар жиі болып тұрады. Ондай кезде мамандар тиісті шешім қабылдап, көмек көрсетеді», - деп бөлісті дәрігерлер Әсел Қасенова мен Зарина Ысмағұлова.

Ерекше пациенттер үшін немесе жүректі тексеру бағдарламасы
Бұған дейін айтылғандай, ең қиыны – жүрек ауруы. Сондықтан жақын арада емдеу-диагностикалық блокта жүректі тексеруге арналған бағдарлама қол жетімді болмақ. Бағдарламаға заманауи МРТ аппараты енгізіледі. Жүрек бұлшықет клапандарын зерттеу мүмкін болады. Ол үшін аурухананың дәрігерлері мен медбикелері арнайы дайындықтан өтеді.
«Жаңа МРТ аппараты қолданыстағы аппараттарға қарағанда жылдам зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Сол сияқты сурет сапалы әрі шу аз болады. Неліктен шудың төмен болғаны жөн? Себебі біз пациенттерді неврология бойынша тексереміз. Жоғары деңгейлі шу науқасты тітіркенуге алып келіп, теріс әсер етуі мүмкін. Ал төмен шу кезінде кескін сапасы жоғалмайды. Аталған құрылғыға кардиобағдарлама орнатылған. Астанада ол тек кардиологиялық институтта ғана бар. Кардиобағдарлама көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейтуге және тексеруден өтетін пациенттердің санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Пациенттерді көбірек қамтуға болады»,- дейді компьютерлік магнитті-резонансты томография бөлімінің аға дәрігері Игорь Берестюк.

Арнайы аппараттың көмегімен салмағы 200 келіден асатын пациентті тексеру мүмкіндігі туралы
Жаңа емдеу-диагностикалық блоктың тағы бір артықшылығы - заманауи құралдармен жабдықталған. Дәрігерлердің айтуынша, құрылғы неғұрлым заманауи болса, тексеруге қатысты шектеулер де азаяды. Осы тұрғыда компьютерлік магниттік-резонанстық томография бөлімінде екі алып жабдық бар.

Аппарат арқылы жылдам сканерлеуге болады, сол арқылы пациент сәулелік жүктемені аз көлемде алады. Одан бөлек, құрылғы салмағы 200 келіден жоғары адамдарды тексеруге мүмкіндік береді. Әңгіме мультиспиралды 640 тілімді компьютерлік томография аппараты туралы болып отыр.


«Аппараттың көмегімен қарапайым зерттеулер бір жарым, екі есе, ал мамандандырылған 30 минутқа дейін қысқарады. Мамандандырылған зерттеу кезінде біз орган құрылымымен қатар қызметін де тексереміз. Құрылғының жаңашылдығы оның жоғары жүк көтере алатындығы. 640 кесінді КТ-мен салмағы 200 келіден асатын науқасты тексеруге болады, ал сканерлеу жылдамдығы пациенттің радиациялық жүктемесін азайтады. Яғни жылдам сканерлеудің арқасында қысқа мерзімде пациенттің сәулелену ықтималдығы бірнеше есе азаяды. Тиісінше, жоғары жылдамдықтың арқасында бүкіл дененің, мидың, мойынның, паренхималық мүшелер тамырларын зерттеуге болады. Көрсеткіш дәрігерлердің дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Мысалы, бауырдың жалпы көлемін өлшейміз. Трансплантация алдында біз гепатологтарға қан тамырларының анатомиясы және сол және оң жақ бөлігінің көлемі бойынша жалпы ақпарат береміз», - деді компьютерлік магниттік-резонанстық томография бөлімінің меңгерушісі Эльмира Елшібаева.

Компьютерлік томографтың бірегейлігі - аппарат жүрек соғу жылдамдығына жауап береді.
«Айталық, пациенттің жүрек соғу жиілігі жоғары, ал зерттеу жүрек соғу жиілігін реттеу үшін бето-блокаторларсыз жүреді. Бұл жағдайда науқас аппаратпен тексеру алдында арнайы препараттар қабылдайды. Алайда, КТ жағдайында науқасты препаратсыз тексереміз. Яғни пациент амбулаториялық жағдайда алдын-ала дайындықсыз келіп, коронарлық артериялармен қалыпты екеніне көз жеткізе алады. Алдымен коронарлық трансклероздың скринингін жүргіземіз, науқаста коронарлық артерияларында кальцинация бар немесе жоқ болып шығады. Егер жүректің ишемиялық ауруы бар екенін көрсететін кальций индексі жоғары болса, окклюзия мен стенозды болдырмау үшін контрастты күшейтілген зерттеу жүргіземіз. Айта кететін жайт, бұл Орталық Азиядағы жалғыз аппарат, екінші аппарат Беларусьте. Бұл бірегей аппарат», - деп толықтырды Э. Елшібаева.

Коронавируспен күрескен науқастарды оңалту
Дәрігерлер медицинадағы жаңа жағдайлар мен тенденцияларға бейімделуді үйренді. Коронавируспен күреске екі жылдық тәжірибені ескере отырып, емдеу-диагностикалық блокта постковидті науқастарды оңалту қолжетімді.

«Біріншіден, коронавирус созылмалы аурулардың ағымын нашарлатады. Егер науқаста қант диабеті болса, ковидтен кейін дәрігерлер қант диабеті немесе қан қысымын төмендететін терапияны қайта таңдауы керек. Коронавирус барлық созылмалы жұқпалы емес аурулардың ағымын күшейтті. Созылмалы ауруы бар науқастарға КВИ-мен күрес қиынға соқты. Екіншіден, науқастарда ковидтен кейінгі кезеңде де асқынулар өрши түсті. Пациенттердің осы санатымен дәрігерлердің көпсалалы тобы айналысады. Олар пациенттің жағдайын жан-жақты зерттейді және барлық қажеттілік бойынша жауап береді», - деп түсіндірді Раушан Қарабаева.
Қатерлі ісік диагнозын ерте кезеңде анықтау
Өкінішке қарай, елімізде сүт безі қатерлігіне шалдыққан әйелдер саны артып келеді. Сан экспоненциалды түрде өсе береді. Алайда, соңғы технологиялардың арқасында дұрыс емдеу және қатерлі ісік диагнозын ертерек қою мүмкін болып отыр. Емдеу-диагностикалық блогында томосинтез функциясы бар маммограф жұмыс істей бастады.

«Бұл біздегі бірегей құрылғылардың бірі. Сүт безі ауруларын дәлірек диагностикалауға мүмкіндік береді. Сол сияқты кәдімгі маммографтан айырмашылығы, қатерлі ісікті нақты ажыратып, анықтау мүмкіндігі. Қатерді ерте анықтау сәтті емделудің кепілі. Сондай-ақ, құрылғының көмегімен сүт безі қатерлі ісігінен зардап шеккен, ота жасаған және тыртық тінінде аурудың өршуі бар, аурудың өршуіне әкелетін жасушалары бар әйелдерді тексеруге болады. Осылайша, сүт безі қатерлі ісігінің үздіксіз өсуін уақытында көруге және оны уақытында емдеу мүмкін. Бір айда 550 әйел тексерілді», - деді аурухана директорының емдеу жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева.

Медицинадағы жаңа тренд – персоналдандыру.
Бұл орайда ҚР Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығы ауруханасы директорының емдеу жөніндегі орынбасары Раушан Қарабаева атап өткендей, аталған орталық пациенттерге медициналық қызметтің барлық циклін ұсынады. Атап айтқанда, диагностика, емдеу, оңалту, қалпына келтіру тағы сол сияқты. Жаңа емдеу-диагностикалық бөлімінде барлық терапевтік бейіндер бойынша емдеу-диагностикалық көмек көрсететін 7 бөлімше жұмыс істеп тұр.
«Бөлімше 200 төсек-орынға арналған. Алғашқы күннен бастап-ақ бос орын жоқ деуге болады. Емделіп шыққандар бар жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Қызметіміздің тағы бір бағыты - бүкіл халыққа көрсететін оңалту. Нейрохирургиялық, кардиохирургиялық, травматологиялық ота жасалған инсульт, инфаркт алған кез келген пациент ауруханаға жатқызу бюросының порталы арқылы бізге келіп, МӘМС шеңберінде ем немесе оңалтудан өте алады. Бізде көпсалалы мамандар тобы жұмыс істейді. Олар пациенттің еңбекке қабілеттілігін тез қалпына келтіріп, өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі», - деді Р. Қарабаева.

Клиникада жоғары диагностикалық база, кәсіби білікті дәрігерлер және диагноз қою мен емдеуге қол жеткізуге болады. Диагноз қоюда қиынға түсетін науқастар тобы бар. Бірнеше ауруға шалдыққанда бір дерт екіншісіне теріс әсер етеді. Ондай жағдайда орталық мамандары көмекке келеді.
Емдеу-диагностикалық блоктағы оңалту технологиялары толық көлемде жұмыс істеп тұр. Науқас физиотерапия, жаттығу терапиясын, акупунктураны, қажет болған жағдайда буындардың аппараттық дамуын алады, пациенттердің сауғып кетуінде шығыс медицинасының әдістері қолданылады.

Раушан Қарабаеваның айтуынша, өз кезегінде емдік-оңалту оң әсерін береді. Сондай-ақ, оңалту бағдарламасы ауру деңгейінің ерекшеліктерін ескере отырып, әр пациентке жеке тағайындалады.
Дертті диагностикалау, емдеу және оңалту процестері ҚР Президенті Іс Басқармасы медициналық орталығының ауруханасы емдеу-диагностикалық бөлімінде қол жетімді қызметтердің бір бөлігі ғана. Дәрігерлер алдағы жылға жоспар құрып үлгерді. Аурухана базасында клиникалық орталықтар ретінде белгіленген көпсалалы үш команда құрылды. Яғни тыныс алу медицинасы, кардиология орталығы және аутоиммунды аурулар орталығы. Орталықтар пульмонологиялық, кардиологиялық, кардиореабилитациялық, ревматологиялық және неврологиялық профильдерді дамыта түседі.

Осылайша, терапевт мамандары биыл 8 мыңға дейін және одан да көп пациентті қамтуға ниетті. Бұл көрсеткіш қазіргіден екі есе көп. Нәтижесінде барша қазақстандық соңғы үлгіде жабдықталған емдеу-диагностикалық блогы мамандардың қолынан ем ала алады.


