Емге ақша керек деп 20-дан астам адамды алдаған семейлік алаяқ 21 млн теңге пайда көрген

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында емге ақша керек деп 20-дан астам адамды алдаған алаяқ оларды 21 млн теңгеге шығынға батырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қалалық ПБ орталық полиция бөліміне 32 жастағы азамат жүгініп, өзін алдап соққан бейтаныс біреудің 2 000 000 теңге мөлшерінде материалдық залал келтіргенін жеткізді. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары 22 жастағы жігітті қолға түсірді. Алаяқтың басқа да құрбандары көп болып шықты.

«Күдіктіге қатысты 21 жастағы студент те арыз жазған. Оның айтуынша, олар осы жылдың наурыз айында танысқан. Біршама уақыттан соң, сеніміне кірген алаяқ ауыр дертке шалдыққанын жеткізіп, емге қажетті қымбат дәрі-дәрмектерді сатып алуға ақша сұраған. Ақшаны бір апта ішінде қайтарамын деп уәде еткен. Танысына көмектесемін шешкен студент өз атына жалпы сомасы 449 000 теңгеге онлайн несие ресімдеп, оның қолына берген. Уақыт өте келе жәбірленуші алданып қалғанын түсініп, полицияға жүгінуді шешкен», - деп хабарлады Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдіктінің осындай 21 фактіге қатысы анықталды. Келтірілген жалпы залал сомасы 21 000 000 теңгені құрайды.

«ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жауап алу кезінде ұсталған адам қаражатқа криптовалюта сатып алғанын айтты», - дейді департамент бастығының орынбасары Нариман Күлдіков.


Соңғы жаңалықтар