Емхана апаттық жағдайда, жол жоқ: Абай облысындағы ауыл халқы дабыл қақты
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында жаңадан құрылған Жаңасемей ауданына қосылған Қайнар ауылында күрмеуін таппай келе жатқан күрделі мәселелер шаш етектен. Kazinform редакциясына хабарласқан ауыл тұрғындары сол мәселелерді жіпке тізіп берді.

Балабақша жоқ, емхана аянышты күйде
Жаңасемей ауданындағы Қайнар ауылы өркениеттен қалыс қалғандай. Халық өз мұң-мұқтажын жергілікті билікке талай айтқанын, алайда одан нәтиже шықпай келе жатқанын ашына жеткізді.

— Ауылда 1500-ге жуық адам тұрады. Адамға ең әуелі не керек? Ол — ауырғанда емделетін аурухана. Біздің ауылдағы емхана апаттық жағдайда тұр. Дәрігер де тапшы. Не себепті емхана жөнделіп, ауылға дәрігер мамандар тартылмайды?! Осы жайлы әкімдікке айта-айта әбден шаршадық, — дейді аты-жөнін жарияламауды өтінген қайнарлықтар.

Ауылда мүлде балабақша жоқ екен. Соның салдарынан ата-аналар бүлдіршіндерін үйде қарап, жұмысқа шыға алмай отыр.

— Мәдениет үйінің іші қыста азынап тұрады. Мектеппен бірге қосылған қазандықтың жылытуға шамасы жетпейді. Халық ішінде дірдектеп тоңып отыруға мәжбүр. Одан соң биыл Ащысу өзенінен Қайнар ауылына дейінгі жол жөнделген. Бірақ жөндеу жұмыстарының сапасы өте нашар. Арада көп уақыт өтпей ойылып-ойылып қалған. Ал Ащысу өзені мен Көгентау арасындағы жолдың сапасы мүлде сын көтермейді. Өткен жылы тек шұңқырларды бітеп қойған. Ауылға интернет те тартылмаған. Былайша айтқанда назардан тыс қалған ауылмыз, — дейді тұрғындар.

Әкімдік не дейді?
Білдей бір ауыл жұртшылығының шақшадай басын шарадай қылған мәселе қашан және қалай шешілетінін білу үшін Жаңасемей ауданы әкімдігіне ресми сауалхат жібердік.
Жауап жолдаған аудан әкімінің орынбасары Нұржан Зейнуллин Қайнар ауылында 2025 жылдың 1 наурызына дейін 50 орындық балабақша ашылатынын мәлім етті.

— Бүгінгі таңда тиісті құжаттарды дайындау, СЭС-тен рұқсат қағазын алу және басқа да ұйымдастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Емхана бойынша айтар болсақ, жаңа дәрігерлік амбулатория салу туралы ұлттық жобаға ұсыныс еңгізу мақсатында Абай облысы әкімінің орынбасарына ресми хат жолдадық. Абыралы ауруханасының бас дәрігері Семей медицина университетінің түлектерін жұмысқа шақыру және әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасаудың нәтижесінде 2 жас маман жазда жұмысқа келуді жоспарлап отыр. Осы мәселе бойынша Абай облысы денсаулық сақтау басқармасына көтерме қаражат қарастыру туралы өтінім беріледі. Жаңасемей ауданы әкімшілігі тарапынан ақ халаттылар үймен қамтамасыз етіледі, — дейді ол.
Нұржан Зейнуллиннің айтуынша, Жаңасемей ауданы мен Қайнар ауылының әкімдіктері Мәдениет үйінің қазандығына қатысты мәселені қарастырып жатыр.

Толық зерттелгеннен кейін ғана тиісті шешім қабылданбақ.
— «Семей-Қайнар» — республикалық маңызы бар жол. Сондықтан ол ҚазАвтоЖол теңгерімінде. 2024 жылы аталған жолға мердігер ұйым «Семей жолдары» ЖШС-мен 220-268-шақырымына дейінгі учаскеде (жалпы ұзындығы — 48 шақырым) орташа жол жөндеу жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар 2025 жылы аталған жолдың 88-111-шақырымына дейінгі учаскесінде (жалпы ұзындығы — 25 шақырым) орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген. 2023 жылғы 26 мамырдағы облыс тұрғындарын сапалы кең жолақты интернетке қосу жөніндегі бекітілген Жол картасына сәйкес, Жаңасемей ауданында Абыралы және Қайнар ауылдарында 2027 жылға дейін антенна-мачталық құрылым салынады. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін бастапқы материалдар әзірленіп жатыр, — дейді аудан әкімінің орынбасары.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысы Жаңасемей ауданына жаңа әкім тағайындалғаны хабарланған.
