«Эмми» сыйлығының биылғы иегерлері белгілі болды
Лос-Анджелес қаласында 75-ші Эмми телевизиялық жүлдесі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC News арнасына сілтеме жасап.
Голливуд студиясының қызметкерлерінің ереуіліне байланысты бұл шара 4 айға кешіктірілген еді.
Осы жылғы басты лауреаттардың қатарында «Мұрагерлер» телехикаясы, Чикагодағы «Аю» мейрамханасы туралы комедиялық сериал және кездейсоқ кездескен екі адамның арасындағы араздықты көрсететін «Қырқыс» шағын сериалы бар.
Салтанатты шараның басты оқиғаларының бірі — британдық әнші Элтон Джонға «Эмми» сыйлығы табыс етілді. Ол бұл сыйлықты Elton Live: Farewell from Dodger Stadium атты телебағдарламасы үшін алды.
Элтон үшін бұл сыйлық ерекше маңызды, өйткені оны алғаннан кейін ол эксклюзивті ЭГОТ клубының мүшесі атанды, яғни Эмми, Грэмми, Оскар және Тони сыйлықтарын түгел жеңіп алған адамдар қатарына қосылды.
Элтон Джоннан басқа, бұл жетістікке тарихтағы 18 адам, оның ішінде актриса Одри Хепберн, режиссер, актер және продюсер Мел Брукс, актриса Вупи Голдберг, композитор Эндрю Ллойд Уэббер және музыкант Джон Ледженд жеткен.
Алайда, Элтон Джон АҚШ-қа Эмми рәсіміне жеке келе алмады, өйткені ол жақында тізесіне операция жасаған.
Бұл жолы ең көп жүлдені «Мұрагерлер» (Succession) жинады. Ең жақсы драма сериалы ретінде танылып, басты рөлді сомдаған Сара Снук пен Киран Калкин «Эммиді» ең үздік драмалық актриса және актер ретінде алды.


Сериал сонымен қатар үздік режиссура мен сценарий үшін сыйлыққа ие болды. Өткен жылы «Мұрагерлер» сериясы төрт сәтті маусымнан кейін аяқталған.
Өзінің «Эммиін» ала отырып, сценарий авторы британдық Джесси Армстронг сериал түсіруіне австралиялық медиамагнат Руперт Мердоктың отбасы шабыт бергенін айтты.
«Ол туралы [Мердок] ештеңе айта алмаймын, бірақ елде жұмыс істеген кездегі маған көрсеткен жомарттығына өте ризамын», — деді Армстронг.
Үздік комедиялық сериал - «Аю». Басты рөлді ойнаған Джереми Аллен Уайт, Айо Эдебири мен Эбон Мосс-Бакрак үздік актерлік жүлдеге ие болды.
Эдебири үшін бұл оның соңғы 10 күнде алған үшінші жүлдесі: оған дейін оған «Алтын Глобус» және «Сыншылардың таңдауы» сыйлығы берілді.
Минисериал санатында Netflix шығарған «Қырқыс» көш бастады, бұл хикая көлік апатынан кейін кездейсоқ кездескен адамдар арасындағы үлкен қақтығысты баяндайды.
Оның екі басты жұлдызы Стивен Ян мен Али Вонг мини-сериалдағы ең үздік ер және әйел рөлі үшін сыйлық алды.
