Емші елордадан асырап алған үш бала: Астана бөбектің бірін бермеген болып шықты

Емші қамқоршылыққа алған үш бала
Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – «Шымкент тұрғыны қамқорлығына алған 6 баланың үшеуі Астанадан». Қалалық білім басқармасы осындай мәлімет берген болатын. Алайда, олардың астаналық әріптестері мұны жоққа шығарды. Дәлірек айтқанда, екі бала туралы мағлұматты ғана растады.

Шымкент қалалық Білім басқармасының біздің редакцияға берген анықтамасында емші қамқорлыққа алған 6 баланың үшеуі Астанадан деп көрсетілген. Екеуі – 2021 жылдың 26 мамырында туған егіз, үшіншісі – 2021 жылдың 17 мамырында туған қыз бала. Біздегі мәлімет бойынша, ол 2021 жылдың 7 шілдесінде Астана қалалық білім басқармасы басшысының №336 бұйрығымен қамқоршылыққа берілген. Емші мен оның жұбайы екі жылдан кейін, нақты айтқанда 2023 жылдың 30 қазанында сәбиді сот шешімімен асырап алған. Бірақ, Астана қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев мұндай бұйрықтың шығарылмағанын айтады.

«2021 жылы 17 мамырда туған қызға қорғаншылық белгілеу туралы 2021 жылғы 07 шілдеде №336 бұйрық шығарылған жоқ. Демек, Астана қаласының Білім басқармасы бұл баланы қорғаншылыққа бермеген», - деді ол агенттік тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шымкент тұрғыны қамқорлығына алған 6 баланың арасында егіз де бар. Ұл мен қыз 2021 жылдың 26 мамырда елордада дүниеге келген. Емші оларды үш айлық кездерінде бауырына басқан. Қамқорлыққа берілген егіз сәбидің тағдырына қатысты істің мән-жайын Астана қалалық Білім басқармасынан сұрап білген болатынбыз. 

Еске салсақ, Шымкенттік емші асырап алған 6 баласын қорлап, азаптады деген күдікпен қамауда отырғаны туралы хабарлаған едік. Ол асырап алған балаларына ит пен мысықтың етін жегізді деген дерек шықты.

Осы оқиғаға байланысты білім саласының бірқатар қызметкері жазаланды. Сонымен қатар қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар балалардың қазіргі жағдайы туралы айтып берді.

Сондай-ақ балалардың елдің бірнеше қаласынан асырап алынғаны белгілі болды.

Балалардың бірінің әжесі Өскеменде тұрады. Kazinform тілшісі 65 жастағы Наталья Устиновамен жолығып, жиен немересінің асырауға қалай берілгенін сұрап көрді.

Ал Шымкенттегі балалар үйінің басшысы емшіден қорлық көрген оқушы туралы айтып берді.

Бірер күн бұрын осы балаларға қамқорлық емес, қорлық көрсетті деп айыпталып жатқан емшінің ісін қарайтын судья белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар