Ем іздеген шетелдіктер Қазақстанды жиі таңдай бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда емделу құны Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Корея және Парсы шығанағы елдеріне қарағанда айтарлықтай төмен. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтвлған.

Елдегі медициналық туризм жыл сайын 300 млн доллар кіріс әкелуі мүмкін
Фото: Kazinform/ЖИ

— Елімізде медициналық туризмді дамыту мәселесі өте өзекті мәнге ие болып отыр. Бұл сала отандық денсаулық сақтау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және еліміздің әлемдік медициналық қызметтер нарығындағы позициясын нығайтуға ықпал ететін болашағы зор стратегиялық бағыттардың біріне айналды, — деді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатқанын айтады.

— Бүгінгі күні шетелдіктер арасында жоғары сұранысқа ие бағыттардың тізбесі (кардиохирургия, онкология, трансплантология, репродуктивті медицина, ортопедия, офтальмология, стоматология және медициналық оңалту) айқындалды. Бұл ретте бірқатар бағыт бойынша мамандардың біліктілік деңгейі және клиникалардың жарақтандырылуы жетекші шетелдік орталықтардан еш кем емес. Ал Қазақстанда емделу құны Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Корея және Парсы шығанағы елдеріне қарағанда айтарлықтай төмен, — деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, қолданыстағы заманауи жоғары технологиялық көмек көрсету жүйесінің базасында елімізде Орталық Азияның бірыңғай медициналық хабы қалыптастырылып жатыр.

— Аталған хаб Қазақстанды көршілес мемлекеттер үшін озық медициналық қызметтер мен инновациялардың өңірлік орталығы ретінде танытуға мүмкіндік береді. Қазақстан медициналық туризм саласында айтарлықтай әлеуетке ие әрі Орталық Азия елдерінің арасында тек біздің еліміз бірқатар заманауи және бірегей медициналық қызметтерді (протондық терапия, гамма-пышақ, күрделі кардиохирургиялық операциялар және т. б.) ұсынатынын атап өткен жөн, — деді ол.

Премьер-министр жауабына қосымша берілген анықтамаға сәйкес, бүгінде еліміздің 10 медициналық ұйымы JCI халықаралық аккредитациясына ие. Оның 7-еуі Астана қаласында, 3-еуі Алматы қаласында орналасқан. 2025 жылы елімізде 4 488 шетелдік пациентке медициналық қызмет көрсетілді. Ең көбі Алматы (2 685 адам), Астана (1 396 адам) және Шымкент (300 адам) қалаларында тіркелген.

Айта кетейік, елімізде дәрігерлер мен студенттердің қатысуымен медициналық волонтерлік дамып келеді.