Ең басты мәселе - сараланған тарифтерден түсетін қомақты қаражаттың дұрыс жұмсалуын қадағалау - Жәнібек Кәрібжанов

АСТАНА. Қыркүйектің 27-сі. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Тарифтік саясаттағы энергияны үнемдеу» деген тақырыптағы Үкімет сағатын Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов қорытындылады.
None
None

Ж.Кәрібжанов экономиканың монополиялық секторын мемлекеттік реттеу, энергияны үнемдеу, энергия ресурстарын, электр энергиясын және суды үнемдеу мәселелерін шешу - агенттік жұмысының басты стратегиялық бағыты екенін,ал осы бағыттағы жасалып жатқан іс-шаралардың басты мақсаты - тұрғындардың-тұтынушылардың мүдделерін қамтамасыз ететін тиімді тарифті қалыптастыру саясатын іске асыру екенін айтып өтті.

Осы жолда субъектілердің қызметтерін тиімді реттеудің жаңа әдістері пайда болуда, осы салалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру жүмыстары жалғастырылуда. Жасалып жатқан іс-шаралардан қол жеткен жетістіктер де жеткілікті.

«Бұл салада шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Тұрғындарға көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру және осы саладағы көрсетілетін тарифтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни, тұрақтылықты бір жыл емес, екі немесе үш жылға дейін жасау және де республика өңірлерінің мүдделерін ескеру қажет. Мұндай жағдай, әсіресе, күн көрісі төмен отбасылар үшін өте маңызды мәселе. Табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерін орындауына бақылауды күшейту, нормативтік техникалық ысыраптарды азайту, төмендету жұмыстарын қатал жүргізу. Себебі бұл іс-шаралар - тарифтің шамасына әсер ететін негізгі факторлардің бірі. Және ең басты мәселе - сараланған тарифтерден түсетін қомақты қаражаттың дұрыс жұмсалуын қадағалау»,- деді Ж.Кәрібжанов.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары аталған саладағы көрсетілген заң нормаларының және тұтынушылардың құқықтарының бұзылуын болдырмауды бақылау және жауапкершілікті қажет етсе, тағы да күшейту керектігін, себебі табиғи монополия және реттелетін нарық субъектілерінің, энергия өндіруші ұйымдардың тексеру нәтижесін қарасақ, ол тек қана айыппұл санкцияларымен шектелген сияқты, осы мәселе де қайта қарауды қажет етеді деп есептейтінін жеткізді.

«Бүгінгі қаралған мәселе жалғыз агенттіктің жұмысы емес. Атқарылып жатқан істер нәтижелі болуы үшін басқа министрліктермен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеу керек»,- дей келіп, Үкімет мүшелері де депутаттар көтерген мәселелерге көңіл бөлуі қажет екенін, өз кезегінде депутаттар да заңнамалық тұрғыдағы ұсыныстарды қарауға әрқашан дайын екендігін мәлім етті.

Айта кету керек, Үкімет сағатында күн тәртібіндегі мәселе бойынша ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов баяндама жасады. Сонымен қатар баяндамашы осы мәселе төңірегінде депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

Үкімет сағатында аталған тақырып негізінде В.Нехорошев, Е.Каппель, В.Доскалов, Ш.Өтемісов, И.Чиркалин, В.Котович, В.Киянский, Ж.Дүйсебаев, Қ.Ыдырысов, М.Құсайынов, Б.Баймағамбетова, Н.Сабильянов және басқа депутаттар сұрақтар қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар