Ең мейірбан да абзал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын - vинистр С. Қайырбекова
АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада еліміздің бас дәрігері Салидат Қайырбекова медицина қызметкерлерін құттықтады.
Конгресс Холл сарайында өткен салтанатты жиында министр С. Қайырбекова барлық қызметтестеріне қажымас еңбектері үшін алғысын білдірді.
«Біздің жұмысымызға қарап, Қазақстан халқы елдегі медицинаның сапасын ғана емес, жалпы биліктің жұмысын сынайды. Мен Сіздерге кәсібиліктеріңіз үшін, адал қызмет етіп, адамдардың денсаулығы жолында жасаған ең мейірбан да абзал еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын», - деді ол.
С. Қайырбекованың атап өткеніндей, Мемлекет Басшысы ел азаматтарының денсаулығын сақтау саласына үлкен мән беріп келеді. Мемлекет адамдарға уақытылы және сапалы медициналық көмек көрсету саласына барлық жағдайлар жасауда. 2005-2012 жылдар аралығында медицинаға мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаржының көлемі 4 есеге дейін өскен.
Еске сала кетейік, маусымның соңғы жексенбісінде Қазақстанда медицина қызметкерлерінің күні мерекесі аталып өтіледі. Қазіргі уақытта республиканың медицина саласында 65 мыңнан астам дәрігер мен 150 мыңға жуық мейірбике қызмет істеуде.