Ең тақуа мұсылмандар қай елде?
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - АҚШ-тың «A Pew Research Center» әлеуметтік орталығының зерттеуіне қарағанда ең діндар мұсылмандар Индонезияда, Малайзияда және Таиландта тұратын болып шықты.
ҚМДБ сайтындағы мәліметтерге қарағанда, әлеуметтік сауалнамаға әлем бойынша 35 мың мұсылман қатысқан. Әр аумақ бойынша шамамен 5 мыңдай мүмін әлеуметтанушылардың сұрақтарына жауап берген. Сұрақтардың негізі мұсылманның шариғи міндеттерді қаншалықты орындауына байланысты болды. Сонымен, кейбір зерттеу нәтижелерінің қорытытындысымен оқырмандарды таныстыра кетейік:
Сұралған индонезиялықтардың 98 пайызы, малайзиялықтар мен таиландтықтардың 93 пайызы тұрақты түрде зекеттерін төлейді екен. Ал, малайзиялықтар мен индонезиялықтардың 99 пайызы, тай мұсылмандарының 100 пайызы ораза ұстайтын болып шықты. Ең көп мешітке баратындар да - индонезиялықтар. Олардың 72 пайызы құлшылық үйіне барып, ғибадат жасайтындықтарын айтқан. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, малайзиялықтардың 57 пайызы, мысырлықтардың 71 пайызы, түркиялықтардың тек 44 пайызы ғана кемінде бір рет мешітке ат басын бұрады екен.