Ең төменгі жалақы 2027 жылдан бастап 110 мың теңгеге дейін көтеріледі
АСТАНА.KAZINFORM – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық еңбекақының ең төменгі мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
– Халық табысының артуы экономиканың тұрақты сапалы өсуі және инфляцияның төмендеуі есебінен қамтамасыз етіледі. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық еңбекақының ең төменгі мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Қажетті қаражатты бекіту және бөлу келесі үш жылдық кезеңге арналған бюджетте көзделетін болады, – деді ол.
Оның айтуынша, инфляцияны одан әрі төмендету үшін тарифтік саясатпен қатар бағаның өсуін тежеу шаралары күшейтіледі. Азамат Әмрин шағын және орта бизнесті қолдау бағытында да бірқатар шара қабылданатынын атап өтті.
– Кәсіпкерлерді ірілендіруді ынталандыру үшін Орта бизнесті дамыту жоспары әзірленеді. Құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту, бизнеске әкімшілік қысымды бәсеңдету тетіктері көрсетіледі, – деді ол.
Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады.
– Халықтық цифрлық экономиканы құру шеңберінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары маркетплейстерді, банктерді және логистиканы қоса алғанда, цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктірілетін болады, – деп толықтырды ол.
Салық заңнамасын жетілдіру мәселесіне тоқталған А.Әмрин Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер пакеті әзірленгенін айтты.
– Бүгінгі таңда бизнес-қоғамдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне нақты өзгерістер пакеті әзірленді. Ірі капитал иелері үшін жоғарылатылған мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені талдауды ескере отырып қарастырылады, – деді ол.
Бұдан бөлек, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын бақылау тетіктері жетілдіріледі. Негізсіз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланып отыр. Сонымен қатар ол инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды.
– 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін аталған түзетулер Құрылтайдың қарауына енгізіледі, – деді Әмрин «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға әзірленген түзетулер туралы.
Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингіне инвестициялық саясат саласында қосымша функциялар беру көзделген. Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау туралы айта келе, ол мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыруға, цифрландыруға және жасанды интеллектімен өзара іс-қимыл жағдайында жұмыс істеуге бейімделуге басымдық берілетінін атап өтті.
– Құқықтық және қаржылық сипаттағы шаралар қабылданып, жаңа экономика жағдайында мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспары әзірленеді, – деді ол.
Айта кетейік, Үкімет Президент Жолдауын іске асыру шараларын қарастырады.