Ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері екі есе өсті — Ұлттық экономика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық экономика министрлігі 2019-2026 жылдар аралығында елімізде негізгі әлеуметтік төлемдер айтарлықтай өскенін мәлімдеді.

Ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшері екі есе өсті — Ұлттық экономика министрлігі
Коллаж: Kazinform / ЖИ

Атап айтқанда:

  • Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 2 есе өсіп, 42,5 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін ұлғайды;
  • Ең төменгі зейнетақы мөлшері шамамен 2 есе өсіп, 36,1 мың теңгеден 69 мың теңгеге дейін жетті;
  • Жан басына шаққандағы ЖІӨ 715,5 мың теңгеден 1 661,6 мың теңгеге дейін жоғарылады.

Сонымен қатар, министрлік бизнеске арналған жаңа мүмкіндіктер жөнінде ақпарат берді.

— Өңірлердегі жеке кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында шағын қалалар мен ауылдарды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. 2029 жылға дейін бағдарлама жалпы сомасы 1,2 трлн теңге болатын шамамен 15 мың бизнес-жобаны қолдайды. Бағдарлама ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, азық-түлік өндіруге, жиһаз және құрылыс материалдарын шығаруға, сондай-ақ қолөнерді дамытуға басымдық береді. Республикалық деңгейде бизнес-бастамалар «таза парақтан» қағидаты және «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы арқылы қолдау табады.
Басым салаларға, атап айтқанда өңдеу өнеркәсібіне, IT, туризмге, креативті индустрияға және логистикаға жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын, 7 млрд теңгеге дейінгі қаржыландыру лимиттері белгіленген, — деп мәлімдеді ҚР ҰЭМ.

Айта кетейік, бұған дейін 177 мыңға жуық бизнес-жобаға 10 трлн теңгеден астам жеңілдетілген несие мен субсидия берілетінін жазғанбыз.