Ең төменгі әлеуметтік стандарттар туралы заң қабылданды - Парламент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңы қабылданды. Еске сала кетейік, аталған құжатқа бірқатар Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын.
Заң жобасы әлеуметтік салада нормативтік қадамдарды дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Осы бағыттағы қолданыстағы нормалар мен нормативтерді елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзгерістеріне сәйкестендіру көзделеді, еліміздің әр өңірлеріне бірыңғай әлеуметтік саясат енгізуге жағдай жасайды, әлеуметтік саланы мемлекеттік реттеудегі басты құралы ретіндегі әлеуметтік стандарттары айқындалады.
«Мемлекет әсіресе жаһандық дағдарыс кезеңінде азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарттарды кепілдендіруі керек. Бұл экономика өсімі мен бюджеттің мүмкіндігіне тікелей байланысты болмақ. Ең түпкі міндет - қазақстандықтардың өмірін жақсарту. Заң жобасының тұжырымдамасы осы мәселелерді өзек етіп отыр», - деді Мәжіліс депутаты Светлана Ферхо.
Осылайша, құжаттың тұжырымдамалық негізін құрайтын қағидатқа сәйкес, мемлекет азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарттарды кепілдік етеді. Яғни, Конституцияда бекітілген азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін әлеуметтік қызметтер мен ақшалай төлемдердің ең төменгі мөлшері кепілдендіріледі. Мұндай қағидат шапшаң өзгеріске ұшырап жатқан экономикалық жағдайға сәйкес, жаңартылатын және тиімді әлеуметтік саясатқа қатысты қазақстандық қоғамның артып отырған сұраныстарына жауап береді.
Тұтастай алғанда, құжат бойынша ең төменгі әлеуметтік стандарттар бірқатар салаларда қолданылатын болады. Бұлардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау және медициналық көмек, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй мәселесі мен баспанаға көмек, білікті заңгер көмегі, еңбек және жұмыспен қамту, мәдениет және спорт мемлекеттік ұйымдары қызметіне қолжетімділік секілді салалар бар.