Ең төменгі айлықты 85 мың теңгеге жеткізу жалпы еңбекақының өсуіне түрткі болады - Сатыбалды Дәулеталин

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Президент Жолдауында еңбек қатынастарын реттеуге қатысы айтылған бастамалардың мәні туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ең төменгі айлықты 85 мың теңгеге жеткізу жалпы еңбекақының өсуіне түрткі болады - Сатыбалды Дәулеталин

«Экономика миллиондаған еңбек адамдарының қатысынсыз дамымайды. Сондықтан, еңбек қатынастары мен әлеуметтік проблемалар елдің экономикалық көрсеткіштерімен бірге шешіліп отыруы керек.

2 миллион адамның еңбек мүддесін қорғайтын Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы үшін Жолдаудағы ең төменгі айлық мөлшерін 85 мың теңгеге жеткізу туралы тапсырмасы айрықша болды. Бұл тапсырма 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асады және қазақстандықтардың экономикалық қабілетін арттырады. Ең төменгі айлықтың өсуі жалпы еңбекке төленетін ақыны арттыруға түрткі болады. Сонымен бірге, көлеңкелі еңбекақыларды жарыққа шығуға ынталандырады», - дейді ұйым басшысы.

Жолдауда 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігінің тұжырымдамасы қабылданатыны айтылды. Сатыбалды Дәулеталин осы құжаттың жобасын әзірлеуге белсенді атсалысуға дайын екендерін жеткізді.

«Кейінгі бес жылда өндірістегі жарақаттану динамикасы төмендегеніне қарамастан, жағдай жағымсыз күйде қалып отыр. Жыл сайын өндірісте 200 адамның өмірі қиылады және 1000-нан астам адам зардап шегеді.

Еңбек қорғау саласындағы өтемақыға негізделген басқару моделі болар іс болғаннан кейін әрекет етуге бағытталған. Нақты шешім тексерулер қорытындысынан кейін ғана шығарылады. Цифрлық экономика жағдайында мұндай модель жұмыс істемейді. Бізге құбылмалы жағдайға қарай жылдам әрекет ететін модель керек. Осы тұрғыдан алғанда Еңбек қауіпсіздігінің жаңа тұжырымдамасы қажет-ақ», - дейді федерация жетекшісі.

Ұйым басшысы кейбір сала мамандарына 55 жасқа келгеннен кейін зейнетке шыққанша арнайы әлеуметтік төлемақы беру шарасының енгізілуі де еңбек нарығындағы жағдайға оң әсер етеді деп отыр.

«Президент айтқан мамандар тапшылығы шынымен де өзекті мәселе. Ол үшін кәсіптік білім беру жүйесін заманның ыңғайына, әр саладағы жаңашылдықтарға бейімдей түсу қажет», - дейді Сатыбалды Дәулеталин.