Ең төменгі жалақыны өсіруге жыл сайын 96,3 млрд теңге жұмсалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдың 1 қаңтарынан 1,3 миллион адамның жалақысы көтеріледі. Бұл туралы Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау мәселелері қаралған ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Қаржы миинстрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ведомствода Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға қажетті, оны іс жүзінде жүзеге асырудың, қаржылық қамтамасыз етудің тетіктері және заңнамалық шараларға қатысты нақты жоспары бар екенін атап өтті. Соған орай, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды әзірлеу жұмыстары басталды.
Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов білім беру мен денсаулық сақтау салаларын осы салаларда шығындардың тиімділігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, мемлекеттік қолдауды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.
Бес жыл ішінде барлық қаржы көздерінен білім беру мен денсаулық сақтауға шығындарды ЖІӨ-нен 7,4-тен 10 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелді. Ең төменгі жалақы көлемін өсіруді іске асыруға жыл сайын 96,3 млрд теңге бағытталатын болады. Оның ішінде 85,8 млрд теңге тікелей 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Ал 10,4 млрд теңгесі - салықтық шегерулердің артуына байланысты өңірлердің табыс бөлігінің шығындарының орнын толтыруға бағытталады. Олар ЖАО-ға мақсатты трансферттер түрінде жеткізіледі.
Нәтижесінде, жалпы экономика бойынша жалақыны өсірумен 1,3 млн адам қамтылады. Өңдеу өнеркәсібі мен экспортты қосымша қаржыландыру 500 млрд теңге көлемінде іске асырылады. ШОБ-ты дамытуды мемлекеттік қаржылық қолдаудың жалпы көлемі 2019-2021 жылдары 206,4 млрд теңгені құрайды.
«Үш жылдық бюджет аясында білімге жұмсалатын шығындарды биыл 456,3 млрд теңгеден 2021 жылы 752,1 млрд теңгеге дейін немесе 65 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Осы кезеңде денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды 24 пайызға, 1076,2 млрд теңгеден 1339,1 млрд теңгеге дейін өсіру көзделген», - деді Ә. Смайылов.